Биыл Талдықорғанда халықаралық стандартқа сай жабық жүзу бассейінің құрылысы басталады. 27 мың шаршы метр аумақты қамтитын нысан «Жастар» саябағына жалғаса, Оңтүстік-Батыс тұрғын аймағынан бой көтермек. Жаңа ғимаратта ұзындығы 50 және 25 метрлік 4 бассейн болады деп күтілуде. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы облыс орталығына 100-ге жуық спорт нысанын тұрғызу жоспарда бар. Бұл туралы шаһар басшысы Бағдат Қарасаевтың бүгін қала спортшылары алдында берген есептік кездесуінде мәлім болды.

Айдын Нұршановтың фотосы

Жиында қала әкімі алдымен өткен жылға шегініс жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жарқын келешекке ұмтылған Талдықорғанның бүгінгі бет бұрысын тілге тиек етіп, артынша қаланың даму жоспарын баяндады. Мұндағы білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, жол және құрылыс саласында жасалып жатқан жұмыстар айтарлықтай. Соның ішінде спорт саласына тоқталсақ, жоғарыда атап өткеніміздей биылғы жылы облыс орталығына бірнеше спорт нысандарын салу жоспарда бар. Осы орайда тағы бір ерекше атап өтерлік жаңалық – «Салтанат» сарайының қасынан жеңіл атлетикалық спорт түрлеріне арналған жабық спорт сарайының құрылысы басталатындығы. Одан бөлек, Еркін, Өтенай, Көктал сынды қалаға қарасты ауылдық округтерге спорттық нысандар салу басты назарда. «Өркен» спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмысы да осы жылы толығымен аяқталады.

Сонымен қатар биыл қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірнеше аулалары жөндеуден өтеді. Олардың қасына балаларға арналған спорттық алаңқайлар тұрғызу жағы да орайластырылған. «Бүгінде бұл жұмыстарға бюджеттен қаржы бөлінді. Өз қаражаттары есебінен құрылысты жүргізуге кәсіпкерлер де ниет білдіріп отыр», — дейді қала әкімі Б. Қарасаев.

Айта кетейік, қыркүйек айында қазақ күресіне арналған «Еуразия барысы» турнирін Талдықорғанда өткізу көзделіп отыр. Мұндай ауқымды шараның жалауы қаламызда желбірейтіндігі біз үшін үлкен абырой деп, атап өтті шаһар басшысы.

Жиын соңында қалада командалардың көбейуіне байланысты волейбол ойнайтын жерлердің тапшылық тудырып отырғандығы сөз болды. Спортшылар қала әкімінен бұл мәселенің шешімін тауып беруін сұрап, өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, Талдықорғанда қысқы спорт түрі дамымағандықтан мектеп оқушылары арнайы спорттық құрал жабдықтарға зәру екендігі айтылды.

Қала әкімі бұл сауалдарға тұшымды жауап беріп, алдағы уақытта барлығы міндетті түрде ескеріледі, мәселенің шешу жолдарын қарастырамыз деп сендірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK