Бағдат Қарасаев: «Жастар бастамасын әрқашан қолдаймыз»

533
Фото авторы А.Нұршанов

Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қала жастарымен кездесті. Жиынға І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен колледж білімгерлері, белсенді жастар қатысты. 2017 жылы қала тұрғындарының саны 169 мың болса, бұл көрсеткіш биыл 172 мыңға жетті. Оның ішінде 14-29 жас аралығындағы жастар саны 40 мыңнан астам.

Фото авторы А.Нұршанов

Шаhар басшысы “Сіздермен бірге өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2018 жылға межеленген жоспарларды  талқылаймыз. Қаламыздың дамуы, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестеріне  өздеріңіз  куә болып жүрсіздер. Біз үшін жастардың рөлі қашанда аса маңызды,”-деп басқосуда айтылар мәселелерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, Б.Әбілмәжінұлы жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі өткен жылы да назардан тыс қалмағандығын тілге тиек етті. “Тәжірибе аз болғандықтан, жұмысқа орналасу айтарлықтай оңай емес. Осы орайда Жастарға қызмет көрсету орталығымен бірлесе 6 бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткіздік. “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының аясында қайта даярлық курстарына — 839, жастар тәжірибесіне — 240, әлеуметтік жұмыс орындарына — 67, қоғамдық жұмыстарға — 1110 адам жіберілді”-деп бұл ретте Жастар саясаты мәселелері басқармасының  атқарып жатқан жұмысы ауқымды екендігін баса айтты. Мәдени және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралардың да басы-қасында жастар қауымы жүреді. Жыл бойы өткізілген шараларға 31 мыңнан астам жас қатысып, белсенділіктерін танытқан.  Жиын соңында “Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Қаламыздың игілігі жолындағы тың бастамаларыңызды әрқашан  қолдаймыз”-деп ізгі ниетін білдірді.

Фото авторы А.Нұршанов

Ерғали Мейрам. Арда халқымыз тарихымызды таспен жазып, “Ақтабан шұбырынды болып” жаспен жазып, Орбұлақ шайқасы ерлігімізді айшықтаған. Тауда туып, таста өскен сол  қазақтың ұрпағы ретінде Елбасымыздың сарабдал саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып жүрген Сізге атқарып жатқан жұмыстарыңыз берекелі болып, жетістіктерге жете бергейсіз деп алғысымды білдіргім келеді.

Фото авторы А.Нұршанов

Мәди Сәкенов. Өзім жер үйде тұрамын. Қатты аяз боларын білмей, көмір мөлшерін өлшей алмадық. Қазіргі таңда көмір тапшы. Осы мәселе шешімін таба ма?

Жауап. Халықтың көкейінде жүрген күрделі мәселені ойланып жүргеніңе қуаныштымын. Бұл жағдай қазір өзекті болуда. Алайда, көмір мүлдем жоқ емес. Апта сайын жеткізілуде. Орташа бағасы 13 500. Билік тарапынан бұл жағдай күнделікті бақылауда.

Фото авторы А.Нұршанов

Нұржан Молдахметов.  2017 жылы “Zhas Project” үйлестіру агенттігінің қолдауымен өткен байқауға  қоғамға әлеуметтік жағынан зор үлесін тигізетін 233 жоба қатысқан болатын. Соның ішінде менің жобам Текелі қаласынан бастау алып, Талдықорғанда өз жалғасын тапты. Біз топ мүшелерімен ақылдаса келе, Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласын ескере отарып «City plus» ойын-сауық кешенінде күйсандық музыкалық аспабын орнатқан болатынбыз. Енді жаздың жаймашуақ күндері ашық алаңдарға орнатсақ деген ойымыз бар. Осы жобаны жалғастыру мақсатында әкімшілік тарапынан қолдау көрсете аласыздар ма?

Жауап. Мұндай жобаларды қолдауға біз дайынбыз. Қаратал жағалауынан, “Жастар” саябағынан арнайы орын дайындап берейік. Неге халық талантты жастардың өнерін тамашаламасқа?! Алайда, қызметтеріңіз сапалы, жоғары деңгейде болуы қажет.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK