Күлтөбеден ежелгі ханака табылды

98

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі Күлтөбе қалажұртында ғалымдар ханака деп аталатын ежелгі сопылық мінәжат ету ғимаратын тапты.

Сенсациялық олжаны Eurasian Resources Group (ERG) қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы аясында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғалымдары тапты.
Мамандардың пікірінше, күлтөбелік ханака – XV ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта қызмет еткен мінәжат ету және жерлеу рәсімдері өткен сәулет ескерткіші. Өйткені, мұнда кешеннің барлық үй-жайлары мен ғұрыптық залдарының қалдықтары ғана емес, дәруіш орденіне қызмет еткендердің сүйегі табылды. Мұндай ескерткіштер Түркістан облысындағы Отырар және Қаялық қалажұрттарындағы екі қазақстандық ханаканы есепке алмағанда, отандық ғылымда іс жүзінде әлі белгісіз және аз зерттелген. Осыған дейін табылған ханакалар көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден едәуір кіші. «Көбіне жоғарғы билеушілердің немесе олардың өкілдерінің тапсырысы бойынша мұндай мекемелердің салынуы мешіттер мен медреселерді салумен қатар оң іс деп саналған. Әдетте, олар барлық мұсылман елдерінің қалалары мен жол бойында салынған. Күлтөбе қалажұртындағы ханака — жылыту пештері мен кішкентай тандырлары бар 10 бөлмеден тұратын кешен. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде 7 жерленген жер асты табыты бар тікбұрышты пішінді кесене орналасқан. Кесене тікбұрышты (8 х 11 м) пішінді. Барлық жерленгендердің басы солтүстікке — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағытталғаны ханаканың Ясауи орденіне жататындығы туралы болжамды дәлелдейді.
Ханака кесенесінің оңтүстік, солтүстік және шығыс жағында тікбұрышты айналма галереялар аршылған, қабырғалардың бір бөлігі шикі кірпіштен, ал басқа бөлігі күйдірілген кірпіштен және өзеннің үлкен қиыршық тастарынан жасалған. Кесененің батысында, ұзын меридиональды қабырға бойында оңтүстіктен солтүстікке қарай батыстан кіре берісте бір қатарда орналасқан 8 құжыра (шағын бөлме) орналасқан. Нысанның солтүстік-батыс бөлігінде жер үсті құрылымдары байқалмайды, мұнда тұрмыстық қажеттіліктер мен ұжымдық рәсімдерге қолданылатын айван — жабық террассасы болғанға ұқсайды» — деп түсіндіреді Ерлан Қазизов. Табылған нумизматикалық материалды, сонымен бірге антропологтар мен генетиктердің адамның сүйек қалдықтарын зерттеуі жаңа мәліметке қанығуға ​​және Қазақстан тарихының тағы бір «ақтаңдақ бетін» ашуға мүмкіндік береді деп үміттенеді ғалымдар.

Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының баспасөз қызметі

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK