Жүрегімізден мейірім кетпесін

42

Ерікті болу — риясыз мейірімділік көрсету, адамдарға жақсылық жасау, тағдыр тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу. «Адамнан қайтпаса да, Құдайдан қайтады» деген тәрбиемен, таным-түйсікпен өскен қазақ халқы үшін бұл бүгін ашылған жаңалық емес. Атамыз қазақ ежелден біреудің тағдырына  немқұрайлы қарамаған. Ағымдағы жылдың  еріктілерге жауапкершілік жүктегені сөзсіз. Ұлтты ұйыстырып, жұртты жұмылдыратын жыл болды.

Дана халқымыз «Бай болу да шарт емес — епті, мықты, батыр болу шарт емес — текті, рухты, жәй ғана бір жақсылық жасау үшін, мейірімді болу жеткілікті» дейді. Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы,  «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесі «Біз біргеміз» жобасы аясында мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетіп келеді. Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бері Жетісу еріктілері қала тұрғындары мен көпбалалы, жалғызбасты аналар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, бетперде сынды қажетті заттарды үйлеріне жеткізді.  Аталмыш игілікті шара облысымыздың барлық өңірінде іске асты. 17000 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіліп, 64000 бетперде  тұрғындарға таратылып, 12000 литр антисептик дайындалды. Сонымен қатар, Рамазан айының алғашқы күнінен бастап, күніне 50 адамға ауызашар жеткізу қызметі іске асырылды. Бір ай бойы жүзеге асырылған игілікті шарада әлеуметтік көмекке мұқтаж 2150 адам қамтылды. Індет ошағы саналып, карантинге жабылған 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені облыс жастары мен еріктілерінің назарынан тыс қалмады. «Мейірімді Жетісу» еріктілері тұрғындарға бетперде, гигиеналық заттар мен азық-түлік жеткізді. Сонымен қатар Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты бір топ ерікті жастар Жетісу жұртшылығының аманатын арқалап, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға, күніне 50 отбасына азық-түлік және өзге де қажетті заттар жеткізді.  Қазіргі таңда облыс еріктілері ауруханаларды өкпеге жасанды тыныс беру аппараттарымен қамтамасыз етуге атсалысуда. Сондай-ақ, дәрігерлерге қымыз тарату, автоеріктілердің дәрі-дәрмек жеткізу ісі де қолға алынған. Айта кетейік, бүгінгі күні өңірде 70-ке жуық автоерікті, екі мыңнан астам ерікті бар.

Талдықорған қаласы әкімдігінде медициналық мекемелерді оттегі концентраторларымен қамтамасыз ету, дәрігерлер үшін қолайлы жағдай жасау, халыққа үйде қызмет көрсету бойынша мобильді медициналық бригадалардың жұмысын ұйымдастыру мақсатында коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі штаб құрылған болатын. Аталмыш штаб құрамы күні кеше облыстық туберкулезге қарсы диспансердің провизорлық бөліміне қос оттегі концентраторы мен  пульсоксиметр жеткізді. Бұған дейін жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың көмегімен қалалық медицина мекемелеріне 10 оттегі концентраторын сыйлаған болатын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK