Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Амандық Баталов Мемлекет басшысына өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады, -деп хабарлады облыс әкімдігі.

Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы Мемлекет Басшысына қазір Жетісу өңірінде індеттің таралу қарқынының төмендегенін, ауруға шалдыққандар саны 4115 болса, соның 3224-інің емделіп шыққанын жеткізді.  Әрі өңір басышы дәрі-дәрмек қоры мен тестілеу зертханасының жеткілікті болуы үшін аймақтағы қолға алынып жатқан шаралар туралы да баяндады. Сол сияқты жағдайы ауыр науқастарды емдеуге баса көңіл бөлініп, қазіргі кезде облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасының базасында арнайы орталық жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Осыдан соң Мемлекет басшысы облыс әкіміне аймақтағы ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин сақтаудың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру керектігін айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK