Бүгінде қалада жолаушыларды тасымалдау құны 60 тан 80 теңгеге артып отыр. Енді бұл баға тұрақты сақталмақ. Жол жүру ақысы қымбаттағанына байланысты, автобустардың тұрғындарға қызмет көрсету сапасы да артатын болады. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевтың саяжай қоғамдастықтарының, Солтүстік-Батыс және Батыс аудандарының тұрғындары алдында берген есептік кездесуінде мәлім болды.

Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс орталығында жолаушыларды тасымалдау үшін 7 мердігер қызмет көрсетуде. Жалпы, 184 автобус жиырма сегіз бағыт бойынша жұмыс жасайды. Жаңадан шағын аудандардың бой көтеруіне байланысты, алдағы уақытта тағы да қосымша жол жүру бағыттары қосылмақ. Сондай-ақ, жоғарыда атап өткеніміздей бұдан былай автобустардың қызмет көрсетуі жоғарлайтын болады. Яғни, биылғы жылы ескі автобустардың орнын жаңасымен алмастыру жоспарда бар. Одан бөлек, кездесу барысында қаладағы 46 аялдаманың да жаңартылатыны сөз болды.

Айдын Нұршановтың фотосы

Қазіргі таңда автобус жүргізушілерінің жұмысына наразылық танытатын халықтың өкпесі қара қазандай. «Күн суық, автобустар мерзімінен кешігіп келеді. Балаларымыздың кешкі уақытта сабақтан қайтуы қиын болып тұр. Сонымен бірге, аялдамалардың ретсіз орналасуы үлкен мәселе туғызуда», — деген халық мұңын айтуда.

Осы орайда: «Біз мердігерлердің өтінішін ескере отырып, жол жүру тарифін 20 теңгеге көтердік. Енді сол бағаға сай жолаушыларға дұрыс қызмет көрсетілуі керек. Әрбір автобус кестеге сай, уақытылы жүруге міндетті», — деген қала әкімі жолаушыларды тасымалдау орталығының директоры Данияр Қанаевқа бірнеше нақты тапсырма берді.

 

Айта кетейік, тасымалдаушы мекемелер жол жүру құнының арзандығына байланысты өз шығындарын жаба алмайтындығын айтып, жергілікті билікке бірнеше рет бағаны өсіру бойынша өтініш білдірген болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, Талдықорған қаласындағы жол жүру құны ҚР бойынша ең төменгі тарифтердің бірі болып табылады, сол себепті қалалық қоғамдық көліктегі жол жүру құнын қымбаттатуға тура келген.

Қала әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кезіндегі көтерілген тағы бір мәселе – шаһарға жақын орналасқан ауылдық округтерде емхананың жоқтығы. Бағдат Қарасаев биылғы жылы бұл мәселенің шешімі болатынын айтып, тұрғындарды жағымды жаңалығымен қуантты. Яғни, Еркін, Өтенай елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория бой көтерсе, Шайқорған және Қызылтас саяжайларына да сондай емхана салу жоспарда бар.

Сондай-ақ, шаһар басшысы тұрғындармен есепті кездесуінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылар міндеттерін тілге тиек етіп, Талдықорғанның жарқын болашағы жайында әңгіме өрбітті. Көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алған жұртшылық жиын соңында қала әкіміне қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK