Мен, қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрамын. Бірінші қабатында. Сенбі күні қонаққа келген таныстарымды шығарып салу үшін дәлізге шыққаным сол еді, сыртқы есіктен ентелеп кіріп келе жатқан екі адамға көзім түсті. Жақсы киініп алған, қарапайым қазақтың келіншектері. Жас шамалары отызды алқымдап қалғандай. Мені көре сала: «Сізге сұрақ қоюға бола ма? Қазақтың киелі жерлері туралы не білесіз? «Кие, қасиет» деген сөздерді қалай түсінесіз?» деп, үсті-үстіне сауалдарын жаудырып жатты. Жандарынан өткен адамдардың жолдарына тосқауыл болып, бас-аяғына қарамай сөзге тартуда. «Өздерің кімсіңдер? Мұнда неғып жүрсіңдер? Қайда жұмыс істейсіңдер? Есімдерің кім?» деп, қарсы сұрақ қоюға мәжбүр болдым.

Бірі өзін -Гүльмира, екіншісі — Мөлдір деп таныстырды. Қазақтың киелі жерлерін түгендеп жүргендерін айтты. Мен де жерден жеті қоян тапқандай, қазақ қыздарының осындай пайдалы  іспен айналысқандарына  кәдімгідей қуанып қалдым. Дереу, қазір қолым тимей жатқанын айтып, сәлден соң хабарласыңыздар. Менің телефонымды жазып алсаңыздар болады дедім. Мөлдірі пысықтау екен, қалта телефонын  қолына алып, нөмірімді жазуға ыңғайланды. Оның телефонынан «Библия» деген жазуды көріп қалдым. Ол да  менің көзім түскенін байқап, сасқалақтады.

Телефонын жеделдетіп парақтай бастағанда «мәсіх», «киелі есім» сынды жазулар бірінен соң бірі шығып жатты. Өңешіме кесек кептелгендей, тұншыға бастадым. Көтеріліп тұрған көңілім су сепкендей болды. Екі келіншекке де жасап жүрген әрекеттерінің дұрыс емес екендігін айтып, түсіндіруге кірістім. Бірақ, тыңдар құлақ жоқ. Құдды  мәңгүрт! Керісінше, «Сіздер көп нәрсені түсінбейсіздер, Құдай біреу. Отан деп, Тәңірге серік қосасыздар. Бұл дұрыс емес» деп, жауап берді.

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы болар. Осыдан он шақты жыл бұрын көше кезіп жүрген өзге ұлт өкілдерін жиі кездестіруші едік. Әркімді бір тоқтатып алып, діни кітапшалардың қазақша жазылғанын қазақтарға, орысша жазылғанын өзге ұлттарға ұсынатын. Сырттары бүтін, іштері түтіндер қайта бас көтере бастапты. Өздерін «Иегова куәгерлеріміз» дейтін, қазір оны жасырады . «Жарылқағыш иелердің» ұстанымында ұлт, Отан, тіл, діл деген ұғымдар жоқ. Олардың жымысқы әрекеттерінің арқасында, рухы әлсіз жандардың өзге дінге өтуі оңай. Кезінде өзіміз әке-шешесін танитын азаматтардың да сол қатардан табылып, ақырында үйсіз, күйсіз жүргеніне куә болдық. Америка асып кеткендері де бар. Ендеше, «қонақжаймыз» деп, есігімізді әркімге ашудан абай  болайық!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK