Биыл Қапшағай қаласының «Арна» индустриалды аймағында «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС-ның азық-түлік шығаратын зауыты ашылады. Өдіріс орны 500 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуды көздеп отыр. Оның 90 пайызын жергілікті тұрғындар құрамақшы.

Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың «Маревен Фуд Холдингс» холдингінің өкілдерімен кездесуі барысында мәлім болды. Екі жақты келісімде инвесторлар жобаның жүзеге асырылу барысы, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп шешуге тиіс бірқатар мәселелерді талқылады.

«Маревен Фуд Холдингс» холдингінің атқарушы директоры Мишель Чангтың айтуынша, қазіргі кезде зауыттың өндірістік және инженерлік кешені дайын, ішкі инженерлік коммуникациясы толығымен жүргізілген. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, қоймада сақтаулы. Бірінші тестік желісі сәуір айында іске қосылып, алғашқы өнімдері шығарылады. Зауыт нарыққа кәсіпорын іске толық қосылғаннан кейін шықпақ.

Кездесу соңында өңір басшысы облысымызда осындай ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанына қуанышты екенін білдірді. «Бұл кәсіпорын өз кезегінде облыстың азық-түлік өндірісіне өзінің үлкен үлесін қосатын болады. Ең бастысы, зауыт 500 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтиды.  Оған қоса өнім өзіміздің отандық ұннан жасалып, дайын өнім «Қазақстанда жасалған» деген белгімен экспортқа шығарылатын болады», — деді Амандық Батталов.

Айта кетейік, зауыт тез пісетін кеспе, сорпа дәмдеуіштері және макарон сынды жалпы саны 15 түрлі өнім шығармақ. Дайын өнімнің 70 пайызы Азияның 5 еліне экоспортталады. Өндіріс барысында ұн, тұз, картон және басқа да қазақстандық өнімдер қолданылады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK