«Күннің қатты суытуына байланысты, бүгіннен бастап түстен кейін оқитын оқушылар үшін 6-7-сабақтар болмайды. Ал, ертеңнен бастап 0-4-сыныптар, яғни бастауыш оқушылары үшін сабақ тоқтатылады. Бұл өзгерістер келесі аптаға дейін сақталады. Дүйсенбіден бастап сабақтар өз ретімен өтеді».  Бұл туралы Талдықорған қалалық Білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде қаладағы білім беру нысандарында, яғни 24 мектеп пен 64 мектепке дейінгі мекемеде  кезекшіліктер күшейтілген. Ешқандай төтенше жағдай жоқ. «Орталық жылу жүйесіне қосылмаған нысандардың отын қоры тексерілді. Бәрінде барлығы жеткілікті» дейді Жандос Жолдыханов.

Күннің күрт суып кетуі қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы кестесін де өзгерткен. Бүгін таңертең бағыттарға шығуы керек болған 180 автобустың 130-ы ғана орнынан қозғалған. «Автобустар жүріп келе жатып өшіп қалып жатыр. Жанармайы қатып қалады. Тіпті, жанармай құю бекеттерінде де солярка қатып қалған. Қазір сәл жылынды. Қозғалыс қалпынша. Бағыттарда автобустардың 70 пайыздан астамы жүр. Аязға байланысты, кей жерлерде кешігулер болып жатыр. Осыған байланысты, тұрғындарды мәселеге түсіністікпен қарауға шақырамыз» — дейді қалалық Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Данияр Қанаев.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK