Торғайдың жемін жеп, қыранның тірлігін жасап кеткен бауырым-ай!

199

2020 жыл. Мамырдың 31-і. Сағат 23:59. Дәл бүгін кез келген ортада шексіз құрметке бөленген менің курстас-досым Бейсен Құранбектің бұл фәни дүниеден бақилыққа аттанғанына 13 күн өтті.

Иә, мен де ел қатарлы қаралы хабар тараған сәттен-ақ қолыма қалам алып, оның азаматтығы, іскерлігі мен жанашырлығы жайында естеліктерді бірінен соң бірін жазып отыруыма болар еді. Бірақ, мен олай жасай алмадым, дәтім бармады. Оған үш себеп бар. Бірінші. Досымның өмірден өткеніне сене алмадым, нақтысын айтқанда сенгім келмеді. Олай дейтінім Бейсекеңді білгелі оның бірде-бір рет еңсесі түсіп, тығырыққа тірелгенін, әл-дәрмені құрып, болдырып, шаршағанын көрмеген ем. Себебі оның қашанда мерейі үстем, жүзі жарқын жүретін. Және ол бастаған әрбір ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймай, тыңғылықты істейтін. Ал оның нәтижесі бәрімізге белгілі «Айтуға оңай», «Қарекет» секілді бағдарламалар арқылы замандастарымыздың рухани әлеміне олжа болып оралып жатты. Және ол жеңіл-желпі аурулардан өз-өзін йога тәсілімен емдеп алып отыратын. Амал нешік, уақыт ұзаған сайын асыл азаматтың бұл өмірмен қош айтысқанына көзім толықтай жеткенде барып, есімді жиғандай болдым. Екінші. Соңғы 27 жылда досымның жасаған жақсылықтарын саралап шығуыма маған біршама уақыт қажет болды. Себебі, досымның алдындағы қарыз мен үшін тым көп еді. «Сол қарызымды енді қалай өтеймін, қалай жеңілдеймін» деген ойдың шырмауынан шыға алмадым. Үшінші. Өткен жылы «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығында соңғы рет көргендегі бейнесі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпей қойды. Және сол бейне маған әлденені айтқысы келетіндей әсерде жүрдім. Күттім. Түсіме кірер, аян берер дедім. Бірақ ештеме демеді. Осыны сезген туғандарым маған қайта-қайта басу айтумен болды.

Бейсенді алғаш көргенде

Бейсекеңді алғаш рет 1993 жылы КазГу-ге құжат тапсырып жүргенде көрдім. Үстінен ақ кастюм-шалбарын тастамайтын, оның жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстауы аса сенімді көрінгендіктен болар кейбіріміз оны жас мұғалімдерінің бірі екен деп қалғанымыз рас. Ал сабақ басталғанда арамыздағы жасының үлкендігі бар, әрі сол кездің өзінде «Спорт» газетінде тілші болып жұмыс істейтіні белгілі болғаннан кейін Бейсенді барлығымыз бірауыздан староста етіп сайлап алдық. Мектепті енді ғана бітірген біз үшін әскерде болып қайтқан курстастан басқа кандидатура қарастырылған да жоқ. Содан ол курстағыларды білу, тану, қорғау міндетіне бірден кірісті. Группаластардың әрқайсымен сөйлесе келе кімнің қандай марапатқа ие екенін, неге әуестенетін біліп алғаннан кейін әр группаласқа жеке-дара құрмет көрсетіп, сәті келген жерде қолпаштай жөнелетін әдеті бар болатын. Кейін ойлап қарасамБейсекең әр қазақ баласына қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзінде-ақ өмірлік миссиясы етіп алған екен.

Жалпы біз екеуміз курстастар ішінде өте жақын араластық. Оқу жылы басталғанда Бейсен, тағы бір курстасымыз Ермек Тығынбаев, Бейсеннің философия факультетінде оқитын туған інісі Сарсен Құранбек пен Асан Қадыр деген бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Және Бейсен екеуміз күнара «Дәуір» баспасының ғимаратында өтетін каратенің ең ауыр түрі Киокушинкай каратеге де бірге барып жүрдік. Әлі есімде әр жаттығу соңында аузы-мұрнымыз қанап шығатын. Кейін соның әсері болды ма, жоқ әлде басқа да жайттардың кесірі тиді ме, әйтеуір қыстық демалысқа шыққанымда оң жақ миымның тамыры үзіліп кетіп, Қалқамандағы нөмірі 7-ші аурухананың инсульт бөлімшесінен бір-ақ шықтым. Сол уақытта жақындарымның кейбірі мені өлдіге санаса, екіншілері аман қалады деген үмітпен жүріп, университеттегілерге ескерту керегін естен шығарып алған сыңайлы. Ал, екінші семестр басталғанда менің сабаққа келмей жүргеніме алаңдаған Бейсекең бірден 1-ші Алматыдағы үйге іздеп барып, мән-жайды білгеннен кейін, араға 2-3 күн салып, ауруханаға бірнеше курстасты ертіп келгені әлі есімде. Бірінші курс аяқталарда «Дәуренді өз курсынан қалдырмаймын» деп сынақ кітапшама барлық мұғалімнің қолын қойдыртып шыққан. Ал мен болсам өзімнің курсымда қалатынымды ести сала сол бөлімшеде жұмыс істейтін медбикеге қайткенде де үйленуім керек деп шештім. Ол уақытта менің алдымда үш бірдей ағам бойдақ болатынАйтқандай, ішкі түйсігім алдамады. Бір айдан кейін әлгі медбикеге үйленіп тындым. Екінші курста оқып жүргенімде дүниеге келген тұңғышымыз осы күні 25-ке толып отыр. Мен ауруханадан шыққан бойда спортты тастап кетсем, Бейсекең каратеден кейін жан мен тәннің, рух пен сананың қалыптасуына зор ықпалы бар айкидомен шұғылданып, зор нәтижеге қол жеткізді. Оған Айкидо биранкай федерациясының жетекшісі, Бейсекеңнің ұстазы Крис Мунидің қазақ еліне арнап көңіл айтқан сөздері дәлел.

Бейсен екеуміз кейін «Хабар» агенттігінде де, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында да бірге жұмыс істедік.

Серік Әбікенұлы мені тағы да «ұялтты»

Бейсен дос «Жетісу» телеарнасының Бас директорлығы қызметіне сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтың шақыртуымен 2007 жылы қарашада кіріссе, маған бірге жұмыс істеу туралы  ұсынысты 2007 жылдың желтоқсанында айтты. Ол уақытта мен «ҚазАқпарат» ҰАА-ның Алматыдағы филиалында тілші болып істейтінмін. Содан Алматыдағы жұмыстарымды реттеп болып, Талдықорғанға 2008 жылы қаңтардың 2-сі күні көшіп бардым. Бейсекең Талдықорғанға келгенде маған: «Дәке! Біз екеуміз келісіп алайық. Бұл жерде не істесек те республикалық деңгейде жасайық. Өзімізді көрсетеміз десек, қолымыздан іс келетінін дәлелдегіміз келсе, тек халыққа пайдасы бар жұмыспен айналысайық», — дегені әлі есімде. Және соңына дейін солай жасадық та. Бір аптадан кейін «ҚазАқпаратта» бірге істеген Данияр Сейсенбаев деген жас журналисті жұмысқа шақырды. Ол да келді, қатарымызға қосылды. Сол Данияр отбасымен Талдықорғанға көшіп келгенде бір қызық жайт болды. Қаңтардың 9-ы. Кешкі сағат 21.30 шамасы. Сыртта — 25 градус аяз тұр. Ернар деген жүргізушінің жер үйінде Даниярдың жүгін түсіріп жатырмыз. Бір уақытта Даниярдың келіншегі «грузчиктердің» бірі «Жетісу» телекомпанияның бас директоры Бейсен Құранбек екенін білгенде ұзақ уақыт таңырқай қарап қалған.

Осылайша біз жұмысты бастап кеп жібердік. Алдымен әлеуметтік роликтер, кейін Елбасының жолдауы мен жаңа бағдарламаларды бірінен соң бірін іске қостық та, жаңалықтармен қатар кейбір бағдарламаларды да тікелей эфирге шығардық. Телекомпанияның қосымша табыс көзі ретінде коммерциялық жобаларды да рет-ретімен іске қоса бастадық. Бағдарламаның саны мен сапасын арттыру мақсатында жергілікті өнер адамдары мен зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысына бір-бір бағдарламадан ашып бердік. Олардың арасында «Тақиялы періште» рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков, зейнеткер-ұстаз Жұмабала Балақаранова, айтыскерақын Айтақын Бұлғақов пен Балғынбек Имашев та бар. Ал, көктемде телекомпания базасы заманауи техника түрлері, жаңа декорация, жаңа көліктермен толықты. Одан бөлек, телекомпания қызметкерлерінің айлық жалақысы орташа есеппен 25-30 мыңнан 70-80мыңға дейін көтерілді. Осының барлығы Бейсекеңнің өзінің басқаруындағы ұжым үшін кез келген адаммен тіл табысардай қарым-қабілетінің жеткілікті екенін көрсетті. Әлі есімде, бір күні досым кабинетке күле кіріп былай деді: «Бүгінгі активте Серік Әбікенұлы жұрттың көзінше тағы ұялтты. «Жұмыс істеуді міне, мына Бейсеннен үйреніңдер! Жұмысқа кіріскені жаңа ғана өзіне жүктелген жұмысты ұршықша иіріп әкетті. Өздерің де көріп жүрген шығарсыңдар Жетісудағы оң өзгерісті» деп. Ұялғаным-ай, кірерге тесік таппадым».

Одан бөлек Бейсекеңнің ұсынысымен аптасына екі мәрте жас тілшілер мен студенттерге семинар-тренинг өткізіп тұрдық. 2008 жылға дейін Талдықорғанда журналистерді дайындайтын білім ордасы болмағандықтан жергілікті мамандардың басым көпшілігі Астана мен Алматыны жағалап кеткен. Және оларға жағдай жасап, қызмет ұсынатындай телекомпанияның мүмкіндігі де шектеулі болатын. «Ол үшін не істемек керек? Ол үшін жаңа жобаларға қажетті мамандарды өзіміз дайындауымыз керек. Және біздің міндетіміз — жастарға жол көрсету, кәсіпке баулу», — деген еді бір сөзінде Бейсекең.

Менің ендігі мақсатым досымның салып кеткен дара жолын жалғастырып, оның алдындағы қарызымды бойымда жанымның барында өтеу. Менде одан артық арман да, тілек те жоқ..

Досы Дәурен Құдайберген

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK