Еркіндегі ең күрделі мәселе – емхана

670
А.Нұршановтың фотосы

Биылғы жылы Еркін ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория мен  кітапхана-клуб жаңадан салынады. Амбулаторияның құрылыс жұмыстарына  13 млн. 400 мың теңге қаражат  бөлінді. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары жасалуда. Келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұл туралы  Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев Еркін ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті есепті кездесуінде мәлімдеді.

А.Нұршановтың фотосы

Ең әуелі, кездесуде Еркін ауылдық округінің әкімі Серікжан Ибраев 2017 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2018 жылға жоспарланған міндеттерді атап өтті. Бүгінде ауыл тұрғындарының саны — 17613. 12560 қазақ, 3164 орыс, 1030 кәріс, 162 татар, 71 неміс, 165 ұйғыр және 461 өзге ұлт өкілдері мекен етеді. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша 292 адам жұмысқа орналастырылған. Әлеуметтік жұмыс орындарында — 8, қоғамдық жұмыстарда 68 адам қызмет етеді. Округ әкімі жыл басынан бері жеке сұрақтарымен 70 адамды қабылдаса, заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен 128 өтініш қаралған. С.Берікұлының есебін тыңдаған Талдықорған қаласының әкімі  Б.Әбілмәжінұлы  ескертпелері мен ұсыныстарын жеткізіп, тұрғындарға  баяндама жасады.

— Қалалық жергілікті атқарушы органдар өткен жылы «Ұлт жоспары-100 нақты қадам», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыруда қызмет атқарды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 24 жобаны жүзеге асыру бағытында  өткізілген 800-ден аса іс-шарада 63 мыңнан астам тұрғындар қамтылды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев жақында жария еткен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген 10 бағыт жүзеге асырар  істерімізбен тікелей байланысты. Әр сала бойынша атқарар нақты міндеттеріміз бар. Өткен жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша барлық салаларда алға басу үрдісі жалғастырылды. Өнеркәсіптік өнімдерді шығару көлемі 67,3 млрд.теңгені құрады. «Қайнар-АКБ» ЖШС аккумулятор зауыты өнім шығаруын 1,7 есеге көбейтті. Қолданысқа 7 жаңа өндіріс орны берілді және 2 жұмыс жасап тұрған өндіріс кеңейтілді, 237 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыспен қамту деңгейі 0,2%-ға артып, 84,2% құрады. Есептегі жылы 6 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде жұмыссыздардың 437-сі жұмысқа орналастырылды, 275 адам қайта даярлау курстарына, 315 адам қоғамдық жұмысқа, 98 адам жастар тәжірибесіне, 63 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.

А.Нұршановтың фотосы

 Айта кетейік, білім саласында да айтарлықтай жаңалықтар бар. Қаланың Оңтүстік-Батыс және Солтүстік-Батыс аудандарында   1200 орынды екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 300 орынды музыкалық мектептің де құрылыс жұмыстары жалғасуда. Шаhар басшысы алдағы уақытта мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды, қаламыздың дамуы аясында қабылданған міндеттемелерді орындау жалғасын табатындығын жеткізді. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алып, әкімге «қанағаттанарлық» деген баға берді.

 СҰРАҚ: Тұрғындар арасында жылу электр станциясы салынады деген жаңалық айтылуда. Осы қаншалықты рас?

ЖАУАП: Жылу электр станциясын салу жобасы талқыланғаны рас. Әзірге  қарастырылуда.

СҰРАҚ:  Еркіннің барлық көшелерінде түнгі шам бағаналары орналасқан. Тек Қазақстан көшесінде ғана болмай тұр. Бұл маңға түнгі шам орнатылады ма?

ЖАУАП: Бұл мәселеге қатысты өтініш келіп түскен. Биылғы жобада бар.

СҰРАҚ: Өздеріңізге мәлім, округімізде екі орта мектеп бар. Енді тағы да Еркіннің орталығынан мектеп салу жағын қарастырсаңыздар.

ЖАУАП: Аталмыш қос мектеп те барлық талаптарға сай жабдықталған, өте жақсы қалыпта. Егер, оқушы санына байланысты қажеттілік туындап жатса, болашақта қарастырамыз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK