Тілге құрмет – елге құрмет

375

Тіл – әр адам баласының жаны, тәні, жүрегі, ұлтының рухы, ұрпағының болашағы. Кезінде сан қилы тағдыр тауқыметін бастан өткерген бабаларымыздың ұлы мұраты егеменді ел  құру болса, ендігі халықтың басты арманы тәңір сыйлаған тәуелсіздікті баянды ету. Ал, мемлекеттік тіл тәуелсіздіктің тірегі, береке-бірліктің ұйытқысы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады», – деп атап айтқан болатын. Сондықтан да қазақ тілінің қадір-қасиетін бағалап, мәртебесін биіктету жалпы ел азаматтарына ортақ парыз.

Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық арнайы насихат жұмыстары жөніндегі аға офицері,  майор Рейдер Михаил Иван: «Бүгінде ұлан-ғайыр қазақ даласында соның ішінде жер жәннаты Жетісу өңірінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс ірге тепкен. Олардың қазақ халқымен соққан жүрегі, арман тілегі бір екені еш даусыз. Себебі, кешегі алма-ғайып замандарда қазақ халқы өздері қанша аш-жалаңаш жүрсе де,  жер аударылып келген қаншама жанға қамқор болып төрден орын берді. Соның арқасында бүгінде әр ұлт халқы алаңсыз ғұмыр кешіп, біздердей ұрпақ өмірге келіп, өсіп ер жетті. Мен неміс ұлтының азаматымын. Жора-жолдастарыма  қазақпын, албан руынан тараймын деп қоямын. Менің қазір жүзім неміс болғанымен қазақ тілінде еркін сөйлейтін тілім де, соғып тұрған жүрегім де – қазақ», –дейді.

Себебі, Михаил 1988 жылы 14 қаңтарда Целиноград қаласында дүниеге келген. Өкінішке орай тағдырдың жазуымен ата-анамнан ерте айырылып, Астана қаласындағы балалар үйінде ер жетті. Міне, содан бастап қазақ халқының ыстық ықыласымен шексіз мейіріміне бөленген ол жасымастан жастай жүйкелеген қиындықтарға төзе білген. Аз уақыттың ішінде қазақ тілін де меңгеріп алып, еркін өмір сүре бастақан. Кейін орта мектепті бітірген соң ол Алматыдағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері Әскери Институтының тәрбие құрылымдарының офицерлері мамандығы бойынша 4 жылдық оқуға түсіп жоғары білім алады. Алғашқы еңбек жолын бірден қазіргі өзі еңбек етіп жүрген Талдықорған қаласындағы Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің 18404 әскери бөлімі 1-ші десанттық-шабуылдаушы батальон командирінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып бастайды. Кейін қаладағы 48386 әскери бөліміне ауыстырылып, бес жылдай Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі бөлімінің офицері психолог қызыметінде болады. 2019 жылы жоғарғы орынның бұйрығымен Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылындағы 29108 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімінің офицері психолог қызметіне ауысады. Өткен жылы өзі  алғаш  еңбек еткен Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімі Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі бөліміне идеологиялық жұмыс, арнайы насихаттау және мемлекеттік-құқықтық дайындық жөніндегі аға офицері лауазымына тағайындалған. Қазір жанұялы, жары Анна Александр екеуі Евгения, Софья есімді екі қыз, Илья есімді бір ұл тәрбиелеп өсіруде.

– «Балаларымның да мемлекеттік тілді меңгеруі жаман емес. Ұл қыздарымның үшеуі де қосымша каратэ спортымен шұғылданып жүлде алып жүр. Жалпы, осының барлығы қазақ халқының қалтқысыз қамқорлықтарының арқасы». Ал, мемлекеттік тіл туралы ой қозғайтын болсақ, тілге құрмет – елге құрмет. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болған соң барша Қазақстан азаматтарына ортақ. Сол үшін қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бірлікті ту етіп жұрт болып жұмыла жұмыс жасау керек. Тек бұл өңірлердегі тілдерді дамыту басқармаларының жұмысы деп сыра салуға болмайды. Кәсіпорындар, жеке адамдар, барлық мемлекеттік мекемелер, мектеп, балабақшалар, ұлт бірлігінің ұйытқысы саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы қоғамдық келісім, этномәдени бірлестіктер толық атсалысқанда ғана мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мерейін үстем етуге болады», –дейді майор Михаил Рейдер.

Михаил мырзаның сөзіне сәйкес жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: – «Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді», – деген еді.

Осыған байланысты Талдықорғандағы Достық үйінің жауаптыларына хабарласқанымызда мамандардың мәліметінше, Алматы және Жетісу облысы болып екіге бөлінгеннен кейін қазір аймақта тиісті жұмыстар жүйеленуде. Бүгінде облыс орталығы Талдықорғандағы Достық үйінің құрамында бірқатар қоғамдық келісім және этномәдени бірлестіктер жұмыс жасайды. Олар бұрынғыдай достыты нығайтып, бірлікті бекемдеу бағытындағы ұлт құндылықтарын ұлықтайтын түрлі іс-шараларды қолға алумен қатар биыл мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де құлшына кіріскен. Мәселен, жақында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» бастамасы аясында аймақтағы 5514 әскери бөлімі және Қазақстан халқы Ассамблеясы «Достық үйі» Қоғамдық келісім бірлестігімен бірлікте ұйымдастырған «Бір шаңырақ астына жинаған қазақ тілім» атты байқау және өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, ойын ұштап, сөз қорын молайтуға бағытталған «Қазақшаңыз қалай?» тақырыбында өткен диктант сынды бастамалары соның айғағы.

– «Жалпы өңірде тегін тіл үйрету орталықтары құрылып, этномәдени бірлестіктер арқылы ұлт құндылықтары ұлықтала бастағалы да біраз уақыт өтті. Бұл әрине құптарлық іс. Ал мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған байқауларға негізі қазақ тілін жетік меңгерген қыз- жігіттер қатысады. Сондықтан тіл үйренуге көптің құлшынысын арттыратын тың бастамалар қолға алынуы тиіс», – дейді сарапшылар.

                                                                                               Айдын КӘЛІМХАН.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз