Шіркін, қыста аяққа шаңғы байлап, қардың үстімен сырғанағанға не жетсін! Шанамен зымырап, ылдиға қарай түскен кездегі кереметті айтсаңызшы. Ал, аяққа коньки киіп, жылтыр мұздың үстімен жүрсең әсері тіпті бөлек. Бұл мезгіл сонысымен қызық қой. Әлі есімде, бала күнімізде жарамсыз болып қалған конькидің қос табанын жұлып алып, тақтайға шегелейтінбіз. Көбіңіз мұны білетін де шығарсыздар, ол «самокат» деп аталатын. Тізерлеп отыруға ыңғайлы етіп жасалған әлгі тақтайға мініп алып, таңның атысынан кеш батқанға дейін мұз кешіп жүргеніміз. Қыстың қызығына тоймай сол кезде үйге әрең қайтушы едік. Ия, біздің балалық дәурен осылай есте қалды.

Айтайын дегенім, қала әкімдігінің ұйытқы болуымен «Талдықорған» иподромында қысқы спорт түрлері бойынша «Денсаулық фестивалі» өтті. Шара барысында шаңғымен жүгіру, көңілді старт сынды ойындардан жарыс болып, жиналған көпшілік балалық шаққа саяхат жасап қайтты. Аталмыш шараға жиналған халықтың қарасы қалың. Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаевтың сөзіне сүйенсек, жарысқа қатысуға ниет білдірген жандардың қатары көп. Атап айтсақ, мұнда 18 бен жасы 63-тен асқан адамдарға дейін келген. Жалпы, Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері командаларын қосқанда мыңға жуық тұрғын жарыста өз шеберліктерін байқап көрді. «Біз бұл шараны Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астана қаласының 20-жылдығы аясында ұйымдастырып отырмыз», — дейді Ә. Рымтаев.

 

Салауатты өмір салтын насихаттап, әрі қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатын көздеген шара өте қызықты өрбіді. Жарыс негізінен шаңғы спортына арналды. Оған 500-ден аса адам қатысып, жас ерекшеліктері бойынша өзара мықтыларын анықтады. Мұнда қыздар – 1, ал, ерлер – 3 шақырым қашықтықта шеберлік байқасты. Нәтижесінде, үздік өнер көрсетіп, жүзден жүйрік атанғандар жарыс жеңімпазы атанды.

Айта кетейік, Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері арасында командалық есепте І орынды – №18404  әскери  бөлімі ұтып алды. №54380  әскери  бөлімі ІІ орынды қанжығаларына байласа, үздік үштік – №21751 әскери бөліміне бұйырды. Жеңімпаздар қалалық спорт бөлімі дайындаған грамота, медаль, кубок және бағалы сыйлықтарымен  марапатталды.

Сондай-ақ, шаңғы жарысынан бөлек, көңілді старт ойындары ұйымдастырылды. Оған негізінен оқушылар қатысып, өз араларында сынға түсті. Викториналық сұрақтар қойылып, жарыс соңы коцерттік бағдарламаға ұласты.

Қазір ХХІ ғасыр. Яғни, техниканың дамыған дәуірі. Адамдар ғаламторға, соның ішінде әлеуметтік желіге жіпсіз байланған кезең. Виртуалды әлемге белшемізден батып, айналаға тіпті, жақындарымызға көңіл бөлмейтін дәрежеге де таяп қалдық. Бүгінде еңбектеген баланың өзі смартфонды көрсе, ынтасы ауып, құмартып тұратыны жасырын емес. Неге, тым болмаса бір сәтке осының барлығын сырып тастап, баяғы бала кезіміздегідей таза ауада серуен құрып,  сырласып, қыстың қызығын бірге тамашаламасқа… Егер де жас ұрпақты виртуалды әлемнің емес, жоғарыда айтқанымыздай, шынайы өмірдің қызығына баулуды мақсат етсек, болашағымыз жарқын болары хақ. Әрі, қазірден бастап спортқа бейім болып өскен жастың дені сау, мықты азамат болып қалыптасуына кепілдік зор. Ол үшін осындай «Денсаулық фестивалі» сынды спорттық шаралардың көбірек өтуіне атсалысуымыз керек-ақ. Ұйымдастырушылардың құлағына алтын сырға, бұл осымен тоқтап қалмай, жалғасын таба берсе деген тілегіміз бар. Сіз не дейсіз ағайын? Шаңғы тебуге дайынсыз ба?

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK