Елімізде алғаш коронавирус инфекциясы тіркеліп, ауру белгісі анықталған күннен бастап барлық өңірде сақтық шаралары қолға алынды. Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында да тиісті шаралар дер кезінде күшіне енген болатын. Шаһарға кіретін жолдардың төрт жеріне санитарлық пост қойылып, келген жолаушыларды жаппай тексеру басталды.

Бекеттер ашылғаннан күннен бастап (22 наурыздан бері) 11 мамырға дейін қалаға 476 104 көлік, 938 447 жолаушы келген. Соның ішінде:

— №1 Алматы тас жолы бағытымен – 196 837 көлік, 380 701 адам;

— № 2 Қалаға қарасты Еркін ауылындағы посттан – 61 745 автокөлік, 133 276 адам;

— № 3 Текелі қаласы жақтан – 162 669 автокөлік, 317 091 адам;

— №4 Үштөбе жақтан – 54 853 автокөлік, 107 379 адам қалаға кірген.

Карантин кезінде төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 70 адамға хаттама толтырылып, сот шешімі қабылданды.

Талдықорған қаласындағы коронавирус жағдайын бақылау жөніндегі жұмыс тобының құрамы ұсынған мәліметке сүйенсек, COVID-19 анықтау үшін 2537 үлгі сынақтан өтіп, олардың 2497-і теріс нәтиже көрсеткен (40-ы тексерілуде).

Бүгінгі күні санитарлық посттарда полиция қызметкерлері, емхана дәрігерлері және тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының мамандары тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Жалпы, төтенше жағдай режимі кезеңінде жергілікті тұрғындарға коронавирустық инфекция жайында 30 мыңға жуық түсіндірме парақшалары таратылған. Сонымен қатар, көшелер мен тротуарларға және автобус аялдамаларына (41 көше, 60 аялдамаға) санитарлық өңдеу жүргізілді. Одан бөлек, 27 наурыздан бастап 753 көп қабатты тұрғын үй және 55 кеңсе ғимараты залалсыздандырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK