Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Taldykorgan-online.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілетеме жасап.

Ақорданың мәліметіне сәйкес, бұған дейін мемлекет басшысының Д.Абаевты Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босату туралы Жарлық та шыққан болатын.

Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келді. Үйленген, екі баласы бар.

2001 жылы Дәурен Абаев әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірді. 2006 жылы Нидерландыдағы Лейден университетін тәмәмдаған. 2014 жылы Еуразиялық гуманитарлық институттың дипломын алды. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді.

Дәурен Абаев еңбек жолын 2001 жылдың тамыз айында Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында бастады. Кейін төрт жыл Қазақстанның Әзербайжандағы және Нидерландыдағы елшіліктерінде дипломаттық қызметте болды. 2007 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бөлімінің басшысы болған.

Қазақстан президенті аппаратындағы мансабын Дәурен Абаев 2007 жылы желтоқсанда бас сарапшы, президенттің кеңесшісі лауазымында бастады. Бір жылдан соң Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысының орынбасары болып тағайындалды.

2009 жылдың қазанынан президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінде мемлекеттік инспектор болып қызмет етті. Екі жылдан кейін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы болды.

2013 жылдың шілде айында Дәурен Абаев Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы әрі кеңесшісі болып тағайындалды. 2016 жылдың мамыр айында Дәурен Абаев Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басшылығына келіп, 2019 жылдың 25 ақпанынан бүгінге дейін Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі болып қызмет атқарды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK