Алматы облысының Қаратал ауданында санитарлық бекетте тоқтаудан бас тартқан жүргізуші тәртіп сақшыларынан қашамын деп, көлігін аударып алды.
26 сәуірде кешке Талдықорған қаласының 27 жастағы тұрғыны «Лексус-470» автокөлігін масаң күйде басқарып, «Талдықорған-Үштөбе» автожолының 25-шақырымында орналасқан №1 санитарлық бекеттен өту кезінде полицейдің заңды талабын орындамай, тоқтамастан өте шыққан. Ізіне түскен тәртіп сақшыларын көрген жүргізуші Қаратал ауданына қарасты Ескелді ауылына бұрылған. Ауылдан шыға ол облыс орталығына бет алған. Дегенмен, 27-шақырымға жеткенде көлігіне ие бола алмай, жол жиегіне аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен оның қызы әртүрлі дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Ал, оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жүргізушінің әйелі полицияға жұбайы мен қызының із-түссіз жоғалуына байланысты жазған өтініші бойынша әкесі мен қызының 2020 жылдың 15 қаңтарынан іздеуде жүргені анықталды. Денсаулығы қалпына келген соң, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы бойынша шешім қабылданатын болады.
Билік өкіліне бағынбау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Билік өкілінің заңды талабын орындамағаны үшін көзделетін қылмыстық жауапкершілікпен қатар, күдікті масаң күйде көлік құралын басқару, төтенше жағдай тәртібін бұзу және денсаулыққа зиян келтірген жол-көлік оқиғасын жасау деректері бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жауап беретін болады.

Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK