«Биыл Талдықорған маңындағы Мойнақ аулының тұсында күннен электр қуатын өндіретін станса құрылысы басталмақ. Әкімдік тарапынан тиісінше құжаттар дайындалып, жер бөлінді. Ендігі сөз инвесторларда. Дегенмен, биыл күн батареяларын орналастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл Елбасының биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауының екінші бағыты, яғни ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту бойынша атқарылады». Бұл туралы бүгін Елбасы жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша қала активі алдында сөйлеген сөзінде шаһар басшысы Бағдат Қарасаев мәлімдеді.

Фото авторы Д.Жаныс

«Жасыл экономика» бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыс тек бұл ғана емес деген қала басшысы газдандыру жұмыстарына тоқталды. «Былтыр біз Талдықорғанға табиғи газ қосу жұмыстарының бірінші кезеңін аяқтадық. Қала ішінде 170 шақырымнан асатын құбыр жүргізіліп, 300-ге жуық абонент көгілдір отын тұтына бастады. Жұмыстар толық аяқталғанда абоненттер саны 55 мыңнан асатын болады» деп атап өтті Б.Қарасаев. Әкімнің айтуынша, газ тек үйлерге ғана қосылмайды. Биыл қаладағы 3 қазандық табиғи газға қосылмақ. Нәтижесінде, ауаға бөлінетін түтін көлемі де азая түседі.

Өз баяндамасында Бағдат Қарасаев Жолдаудың әр бағытына жеке-жеке тоқталып, атқарылуы керек жұмыстарды пысықтап, тиісті орынбасарлары мен бөлім басшыларына тапсырмалар берді.

«Дамыған елдердің қатарына ену үшін Елбасы дайын формула ойлап тапты. Біздің міндет – сол тапсырмаларды мінсіз орындау. Сол үшін күш біріктіру» деді қала әкімі.

Жиында актив мүшелері де Жолдауға қолдау танытатынын айтып, жарыссөзге шықты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK