Күнделікті күйбең тірлікте алдау-арбау, зорлық-зомбылық, ұрлық, қарақшылық тіпті, адам өлтіру сынды небір қылмыс түрлері кездесіп жатады. Осыған қарсы қоғамның тыныштығын сақтап, халықтың бас амандығын қорғау бағытында ішкі істер саласы қызметкерлерінің атқарып жүрген жұмыстары ауқымды. Мәселен, мамандардың мәліметінше, өткен жылы жалпы Жетісу облысы бойынша 2 мыңнан астам қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 89 қылмыскер құрықталған. Осы уақыт ішінде із-түссіз жоғалған 41 адам анықталып, заң бұзушылық көрсеткіші де айтарлықтай азайған. Мұнда аса ауыр қылмыс – 4,7, ұрлық – 8,7, бұзақылық – 29 пайызға төмендеген.
Ал, бүгінде ел аумағында интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының саны күрт өсіп, аймақтарда мал ұрлығы өршіген. Осыған сәйкес былтырғы жылы Жетісуда 915 алаяқтық іс тіркеліп, бұл өңірдегі жасалған жалпы қылмыстар санының 20 пайызын құраған. Мал ұрлығы да көбейген. Полиция басшыларының айтуынша, түскен шағым бойынша жедел қабылданған шаралардың арқасында аймақта мал ұрлығымен айналысқан 8 топ ұсталып, олардың 11 мәрте мал ұрлағаны әшкере болған. Жүйелі жұмыс жасаудың нәтижесінде қолды болған 79 жылқы, 52 сиыр, 332 ұсақ мал иесіне қайтарылған. Міне, бұл аймақтағы барлық тәртіп сақшыларының ортақ құлшынысы мен еңбектерінің нәтижесі. Бүгінде Жетісу облысына қарасты 8 аудан 2 қала бар. Солардың бірі Талдықорған қаласы. 200 мыңнан астам халық ірге тепкен облыс орталығына Өтенай және Еркін ауылдық окургтері қарайды. Ауылдардың әрбірінде жергілікті полиция бөлімшелері орналасқан. Ондағы мамандар өз аумағындағы заң бұзушылықтардың алдын алып, орын алған қылмыстық оқиғаларды тексеріп анықтайды. Өтенай ауылында орналасқан №6 Учаскелік полиция пунктінің инспекторы Азамат Әбділдаев қарапайым жұмыскерлігімен жұрт көңілінен шыға білген жандардың бірі.
Өтенай ауылының әкімі Жаннұр Әбішевтің айтуынша, ауылдағы учаскелік полиция бөлімшесінің инспекторы Азамат Әбділдаев өз ісінің нағыз маманы. Ол өзінің кішіпейіл де кіршіксіз болмысымен ел көңілін тауып, жұртпен тез тіл табысып кетеді. Азамат Өтенай ауылында орналасқан №6 учаскелік полиция пунктіне жетекші болып келгелі 5 жылдай болған. Осы уақыт ішінде аймақта өрескел заң бұзушылық болмаған. Жаңадан орын алған оқиғалар дер кезінде анықталып, тиісті жұмыстар атқарылған.
– «Өтенай ауылының құрамына Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды бірнеше елдімекен енеді. Жалпы жан саны 15 мыңнан асады. Ауыл халқының дені мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Жасырары жоқ бұрынғы жылдары мұндағы ауылдарда мал ұрлығы жиі орын алып келіпті. Қазір оның барлығы күрт азайды. Мәселен, соңғы жылдары мұндай заң бұзушылыққа еш жол берілген емес. Соның нәтижесінде өткен жылы бір де бір мал ұрлығы тіркелген жоқ. Сондықтан Азамат секілді азаматтардың қоғамның тыныштығын сақтап, халықтың бас амандығын қорғауда атқарып жүрген еңбегі ерекше. Осы орайда мен Азаматтың қызметіне толағай табыс тілеп жалпы ішкі істер саласының мамандарын келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтаймын », – дейді ауыл әкімі.
Азамат Әбділдаев 1990 жылдың 16-шы қаңтарында жер жәннаты Жетісудың Алакөл ауданына қарасты Ақтүбек ауылында дүниеге келген. Алғаш мектеп табалдырығын туған ауылында аттаған ол облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернатын бітіреді. Осыдан соң Талдықорған Заң колледжінің, кейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің құқықтану мамандығы бойынша білім алған. 2012-2013 жылдар аралығында Петропавл қаласында Ішкі әскер әскери институтында әскери борышын өтеген Азамат Мұратұлы Талдықорған қалалық ішкі істер бөлімінің№5 учаскелік полициясының пунктінің инспекторы болып тағайындалады. Міне, содан бүгінге дейінгі қызмет барысында өз міндетін адал атқарып, ішкі істер министрінің 30 жылдық мерекелік медальмен, полиция департаменті басшысының, облыс және қала әкімдерінің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталған. Азамат бүгінде жанұялы жары Альбина Мәжитқызы екеуі Азиз, Айзере есімді бір ұл, бір қыз тәрбиелеп келеді.
– Өмірде ақ пен қараны ажыратып, әрбір қылмысқа нүкте қою оңай-оспақ іс емес. Себебі, әр заң бұзушылықтың артында адам тағдыры тұр. Азамат қашан да «Азамат» деген атқа лайық. Қызметіне адал, атқарып жүрген жұмыстары ауқымды. Алар асуы алда. Біз оның білімді де біліктілігімен әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімдіміз, – дейді әріптестері.