Әлем халықтары қауіпті дертпен күресіп жатқан тұста, қазақ елін де айналып өтпеген аурудың халыққа, ел экономикасына тигізіп жатқан ауыртпашылығы жоқ емес. Сондықтан да ел-жұрттың мемлекеттік басқарушы органдардан демеу күтетіні заңдылық. Осы тұста Елбасының қазақ халқына Үндеу жолдауын көпшілік өте жылы қабылдады. Қиын сәтте үнемі жол сілтеп, елдің тығырықтан шығуына себепші болатын көреген көшбасшы бұл Үндеуімен қашанда көпшілікпен бірге екендігін танытты.

Үндеуді аса бір ыждағаттылықпен тыңдап, Ұлт көшбасшысының ұсыныстарына қолдау білдірді. Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігін егіз ұғым деп атап өткен Тұңғыш Президент, еліміздің бұл өтпелі қиындықтан шығуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтындығын және тиісті шараның барлығы атқарылатындығын айта келіп, ешбір қазақстандық қамқорлықсыз қалмайды деп зор сеніммен демеу берді. Сонымен қатар, намысын ешкімге бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық бауырмал халық, бұл қиын сәтте де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратындығын және «Біз біргеміз!» ұраны аясында ауызбіршілікте болуға шақырды.

Арнайы кәсіпкерлерге де айтарым бар деген Елбасы, аяқтарыңнан нық тұрған сәтте халыққа жәрдем беруге, сүйеніш болуға үндеді. Ал, зиялы қауым өкілдеріне халықтар ынтымақтастығын жалғастырып, игі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға шақырды. Береке мен бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды деген Елбасы сөзі көптің көңіліне жылылық ұялатып, сенімнің шуағын төкті.

Жамал Нұрлыбаева, Талдықорған қалалық мәслихат депутаты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK