Қылышын сүйретіп қыс мезгілінің келгеніне екі айға жуық уақыт болса да, бүгінгі күнге дейін қар қалың түспеп еді. Күні кеше қаңтар қаһарына мінді ме, күннің райы дереу өзгеріп, аспаннан түскен ақ ұлпа жер бетін әп-сәтте ақ мамыққа орап тастады. Мұндайда дала кезіп, табиғаттың тылсым күшіне рахаттанудан асқан керемет жоқ шығар. Көңілге тек шаттық сыйлайтын осындай сиқырлы кезеңде Талдықорған одан бетер сұлуланып кеткендей.

Дереккөз

Даладағы кереметті үйде отырып қызықтау мүмкін емес. Жас болғасын ба, жұбайым екеуміз қалың киініп сыртқа серуендеп шыққанды жөн санадық. Қар жауған уақытта қала тіптен ажарланып кетеді екен. Көктен қалықтап түскен мамық жер бетін тұмшалап жатыр. Тіпті, ақ көрпесін жамылған жолды аяқпен басуға қымсынасың. Біз көшеде серуен құра жүріп, осы шаһардың тұрғыны болғандығымызға қуандық. Кеудемізді шаттық кернеп, Талдықорғанның көз тартар табиғатын жарыса айтып келеміз. Атына заты сай қалада қазір ағаш көп. Қардың қалың түскені соншалық, талдардың бұтағы майысып, ерекше сипатқа ие болған. Қасына барсаң құдды иіліп, сәлем салып тұрғандай. Иә, табиғаттың шеберлігінде шек жоқ. Адам баласы бар күшін салса да дәл мұндай көріністі қолдан жасай алмасы анық.

Табиғи құбылыс адамның бұйрығына көнбейді. Ауа райының құбылуын болжаса да, оған қарсылық таныту мүмкін емес. Дегенмен, тиісті орындар табиғат қандай тосын сый әзірлесе де, оның салдарына төтеп беріп, көмек беруге дайын. Біз кешқұрым қардың қызығын тамашалай жүріп, көшелерді тазалап жүрген жұмысшылардың қызу тірлігіне тәнті болдық. Бұл жұмыстар таңға дейін жалғасты дегенге біреу сенсе, біреу сене қоймас.

Данияр Жанстың фотосы

Жалпы, Талдықорған қаласы бойынша қар тазалау жұмыстарына 116 техника, 200-дей адам жұмылдырылды. 14 қаңтар күні кешкісін жауа бастаған қар, кеше сағат шамамен 10-дарда тоқтады. Қара тазалау түні бойы толастаған жоқ. Қалаға қарасты Өтенай, Еркін және Көктал ауылдық округтері де қардан тазартылды. Алайда, қардың тоқтамай жауғандығы салдарынан адамдардың жанкешті еңбегі көрінбей жатты. Десе де, коммуналдық мекемелердің жұмысшылары түнгі ұйқыларын халыққа қызмет көрсетуге арнап, тазалық жұмыстарын жалғастыра берді.

Дереккөз

Қаланың коммуналдық қызметі көктайғақты болдырмау, оның алдын алу мақсатында көшелерге, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолына 1070 тонна арнайы мұзды ерітетін тұз және 3700 тонна құм сепкен. Тазалық жұмыстарынан кейін 7 мың текше метр қар қала сыртына шығарылды.

Айта кетейік, РМК «Қазгидрометтің» болжамы бойынша Республиканың Оңтүстік және Шығыс аймақтары суық атмосфералық фронттардың ықпалында тұр, сондықтан, бұл жерде алдағы үш тәулікте кей жерлерде қар сақталады, 16 қаңтарда таулы аймақтарда күшті қар болуы мүмкін. Ауа температурасы басым облыстарда климаттық нормадан 3…6 градусқа, оңтүстік және оңтүстік-шығыста нормаға жақын күтіледі.

Ал, Талдықорған қаласында қаңтардың 17 мен 18 аралығында күн ала бұлтты, ауа температурасы -15, -18 градус суықтықты көрсетеді делінген.

Ия, қыстың көркі  — аппақ қар екені баршамызға белгілі. Бұл мезгіл сонысымен қызық қой. Көктен түскен ұлпа қар қандай аппақ таза болса, біздің бір-бірмізіге деген сезім де дәл солай, кіршіксіз болсын деген ниетпен үйге қарай аяң бастық.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK