Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев облыс орталығының кәсіпкерлерімен еркін форматта кездесу өткізді деп хабарлайды taldykorgan-online.kz тілшісі.

Жиын барысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы және облыс орталығының даму тұжырымдамасы талқыланды. Одан бөлек, шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге әрдайым қолдау болатындығы айтылды. Шаһар басшысының айтуынша, кәсіпкерлер барлық жерде талап етіледі.

«Мәселен, бүгінде қалада аумақты көгалдандыру үшін түрлі гүлдер өсірілетін питомник жоқтың қасы. Қазіргі таңда бір мыңға жуық қызғалдақ және 60 мыңға жуық раушан гүлдері басқа аймақтардың питомниктерінен алынуда. Ал, бұл үлкен қаражатты талап етеді. Сіздермен бірігіп, осының бір шешімін табуымыз керек», — деді Б. Қарасаев. Сонымен қатар қаланың 275 ауласынан 30-ы бюджеттік қаражат есебінен қалыпқа келгендігі және тағы 50-і кәсіпкерлердің жеке қаражаты бойынша қайта жөндеуден өтетіні сөз болады. «Қала бұданда әдемі бола түсуі үшін билік пен кәсіпкерлер ортақ күш салуы керек. Бұл – Талдықорған халқының барлық өзекті мәселелерін шешудің жалғыз жолы», — деп атап өтті қала әкімі. Одан кейін бизнес-идеяны жүзеге асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер талқыланды. Бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемалар қарастырылды. Кездесу соңында облыс кәсіпкерлері Талдықорған қаласының дамуы туралы өз ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша 14 366 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK