Бүгінгі таңдағы коронавирустың таралуына қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында мектептер төртінші  тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Қазір оқушылар көктемгі демалыста. Ал мұғалімдер өздерінің педагогикалық шеберлігін арттырумен айналысып, әдістемелік қоржынын толықтыруда.  Қашықтық тәртіпте жұмыс жасауда мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескерер болсақ, бұл оңай шаруа емес. Десек те, сабақ барысында мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстарымен, электронды оқулықтармен, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін жұмыс жасайтын,-деп атап көрсетті  БҒМ вице-министрі Шолпан Қаринова өзінің  әлеуметтік желідегі парақшасында деп хабарлайды taldykorqan-online.kz.

«Ең маңыздысы –осы мәселені дұрыс түсіну. Қашықтық сабақ- әдеттегідей қырық минут көлеміндегі  сабақ емес. Оның әдіс-тәсілдері, қағидалары басқа. Бұл мұғалім  жұмысының жаңа шарты. Ең бастысы, оқушылар мұғалімнен қызықты,  тартымды сабақ күтеді»- деді ол.

 

Ата-аналар қашықтықтан оқыту мәселесіне түсіністікпен қарауы тиіс. Кейбір мектептерде сапалы интернет мәселесі, мұғалімдер мен оқушыларда компьютердің болмауы, отбасында бірнеше бала болған жағдайда компьютерді  пайдалану сұрақтары, дайын  интернет –платформалардың жоқтығы түсінікті жайт. Бұл сауалдарға қатысты мәселелер қарастырылып, шешу жолдары анықталуда.  Білім және ғылым министрлігінде, аймақтық білім беру басқармаларында  қашықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру бойынша Жобалау офисі құрылмақ. Мектептер мен ұстаздар үшін тиісті ұсынымдар дайындалды.

Сонымен қатар, «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында төртінші тоқсан басталысымен күнде 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақ өткізіледі. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламасына сәйкес құрылған. Бұл іске Назарбаев зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік мұғалімдері тартылып, олар еліміздің барлық балаларына сабақ береді деп жоспарлануда.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK