2020 жылдың 26 наурызы, таңертеңгі деректер бойынша әлемде 472 мыңнан астам адам COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырған, — деп хабарлайды kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Әлемде COVID-19 таралуына онлайн-мониторинг жүргізетін coronavirus-monitor ресейлік сервисі дәл қазір жаһанда 472 066 вирус жұқтырған науқастың барын көрсетті. Бұл сандар Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 05:41-те жарияланған.

Сонымен бірге, пандемияны жеңіп шыққандар саны өсіп келеді. Қазіргі таңда 110 254 науқас ауруынан айыққан. Сондай-ақ қайтыс болғандар саны да артуда. 26 наурызда 21 мыңнан аса адам вирустың құрбаны болған.

Қазіргі уақытта Италиядағы жағдай ең ауыр болып отыр. Мұнда көз жұмғандар саны күннен күнге өсуде. Испания елінде де COVID-19 эпидемиясынан болған өлім саны артты. Осылайша, бұл мемлекет өлім-жітім көрсеткіші бойынша Қытайдан асып түскен екінші ел болды.

Басқа Еуропа елдерінде де коронавирус жұқтырғандар көбейген. Мәселен, Францияда вирус табылған 25 233 науқас, Германияда 37 323 науқас бар.

Иранда да науқастар мен қайтыс болғандар саны жоғары. Мұнда 27 077 адам вирус жұқтырып, 2 077 науқас көз жұмған.

АҚШ аумағында да пациенттер саны өсті. Сервис деректеріне сәйкес, 64 645 адам эпидемияға шалдығып, өлгендер саны мыңға жуықтаған.

Көршілес Ресейде де 666 науқас тіркеліп, үш адам қайтыс болған.

Ал біздің елімізде, соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирустық инфекциясы 88 адамнан анықталып отыр.

Бүгін олардың екеуі сауығып, ауруханадан шығады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK