Талдықорғанның айналасына санитарлық бекеттер қойылғалы қалаға 18 340 көлікпен 46128 азамат кірген. Олардың барлығы тиісінше тексеруден өткен. Тек 24-наурызда тексеру кезінде анықталған ыстығы көтерілген 27 тұрғын кері қайтарылды — деп хабарлайды Taldykorgan-online.kz.

Қалаға кіреберістерге қойылған 4 санитарлық бекетте полиция қызметкерлері, емхана дәрігерлері және тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының мамандары тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Бұл бекеттерде шалғай өңірден келе жатқан азаматтар арнайы сауалнамалар толтырады. Онда азамат туралы толық мәлімет, соңғы 2 аптада шет мемлекеттерде болған-болмағаны, науқаспен қарым-қатынаста болған-болмағаны, қозғалыс бағыты, жол жүру мақсаты көрсетіледі.

Қолда бар мәліметтерге сенсек, Талдықорғанға кіргендер ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қапшағай, Тараз, Қызылорда, Орал секілді еліміздің қалаларын айтпағанда,  Ресейден,  Қырғызстаннан, Мысырдан және Өзбекстаннан келген азаматтар бар. Мамандардың айтуынша, шеттен келген азаматтарға бақылау күшейтілген.

Алда-жалда қалада короновирус індеті тіркелсе деп 100 орындық инфекциялық бөлім дайындалған. Ал, науқастармен байланыста болған адамдарды обсервациялау үшін 450 карантиндік төсек дайындалуда.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK