Талдықорғандық мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жалғызбасты қарияларға, сондай-ақ көпбалалы отбасыларына Қызыл ай қоғамы азық-түлік пакеттерін үлестіруде.

Алматы облыстық Қызыл Ай қоғамының директоры Әлия Қорабаеваның айтуынша азық-түлік пакетінің құны шамамен 8-10 мың теңгені құрайды. «Қазіргідей пандемия кезінде халық үйде отыруы керек қой. Қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарға біз осындай кезде көмекке келеміз. Көмекке мұқтаждардың тізімін әкімдікпен бірлесе отырып жасағанбыз. Түске дейін азық-түлік пакеттерін тарқатсақ, түстен кейін өз асханамызда пісірілген тамақтарды таратамыз. Еліміз аман болсын!» дейді қоғам директоры.

Алматы облысында еріктілер өте белсенді. Олар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды, адамдар көп жүретін жерлерде (дүкен, дала базарының сатушыларына) бүгінге дейін 7 мың бетперде тігіп, үлестіріп шыққан. Сондай-ақ, автоеріктілер жеткізіп беру қызметін жүзеге асырып жатыр.

Қазір облыстағы 17 аудан мен 3 қалада қайырымдылық шаралары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жастар бүгінге дейін 547 арнайы акция ұйымдастырып үлгерді. Сондай-ақ, «Мейірімді Жетісу» еріктілердің фронт-кеңсесінде тәулік бойы жұмыс істейтін 8 7282 39-00-40, 8 707 494 72 23 жедел желісі іске қосылған. Тұрғындар орталыққа әлеуметтік желідегі @zhetysu_zhastary парақшасы арқылы да өз өтінішін айтып, көмек сұрай алады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK