Ақындар айтқан екен…

379
Дереккөз

Жетісу айтыс ақындарының ішінде шоқтығы биік екі ақын бар. Заманы бір, таңдайларынан жыр төгілген екі ақынның да көз жанарлары жарықты көрмеді, әйтседе, көкіректері ояу, өле-өлгенше қолдарынан домбыралары түскен жоқ. Елдің мұңын да, қуанышты шаттығын да жырларына арқау етті.

Бұрынғы Талдықорған облысы өз алдына отау құрып, дүркіреп тұрған заманда, кеңестік дәуірдің жетістігін жырлауға арнайы  айтыс өтеді. Ол заманда  айтыс сирек өтетін, әрі айтыскерлер де бүгінгідей жас толқын емес, ел ішіндегі ауыз әдебиетіне жетік, көнекөз ақындар айтысатын. Сондай бір жыр  бәсекесінде,  Қаратал  ауданының  намысын Артық Жексенбеков, қазіргі Ескелді ауданын (ол кезде Талдықорған) намысын Темірғали Рүстембеков қорғап, бір-бірімен айтысқа түсіпті. Айтыстың аты айтыс, біреуі  ұтып, біреуі ұтылады емес пе? Ә, дегеннен сөзді бастаған Артық ақын:

Темеке, заманың бір өзің құрдас,

Мен соқыр, сенде соқыр, көзің құрдас.

Ел-жұрттың, шаруаның жайын айтып,

Құрдаспен белді шешіп бүгін сырлас, — дегенде, кезегін алған Темірғали ақын:

Ей, Артық, таныс едің мына көппен,

Айтып бер табысыңды қолың жеткен.

Мен өзім соқырмын деп айта алмаймын,

Менің көзім: партия, өкіметпен – деп, советтік дәуірдің, орақ пен балғаның астына біріктірген компартияның жақсылығын дәріптепті. Бірі шалып, бірі қағытып отырған екі ақын да сол кезеңдегі шаруашылықтың жетістігі мен кемістігін тілге тиек етеді. Сөз кезегі Артыққа тигенде:

Сыншы боп екеумізге халық отыр,

Көпшілік сөз ыңғайын танып отыр.

«Ленин жолы» атанған колхозымыз,

Таңқаларлық жаңа баз салып отыр.

Баздардың ішіне электрмен,

Сырттан жем-шөп өңделіп, барып отыр.

Сауын сиыр орнынан қозғалмастан,

Науасынан су ішіп, қанып отыр.

Жеміне картоп пенен жүгері жеп,

Сиырдан сүт бұлағы ағып отыр.

Сүт алдық Хадишадан 1800

Жарыстың маңдай алдын алып отыр, —  дегенде қарсыласының жаза басып жаңылғанын аңғарған Темірғалида:

Жайнатып, жайшы төрге сөз кілемін,

Дегенің бекер екен сөз білемін.

Шөп-шалаң, шаң-тозаңды бұрқылдатпай,

Айтсаңшы, елдің жақсы көзге ілерін.

Япырай, мынау Артық адам екен!

Шынында сүт саууға маман екен.

«Хадишадан  сүт  алдық» деп отыр ғой,

Сауғаны сауыншыны жаман екен, — депті, сөз тапқанға қолқа жоқ деген осы ғой. Ақынның алғырлығы да осындайда байқалады емес пе.

                                                                                        Айтақын Бұлғақов.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK