Бүгінде коронавирус індеті әлемнің 150-ден астам еліне тарап, жалпы жаһан халықына үрей тудырып отыр. Өкінішке орай, бұл дерт қазақ даласына да жетті. Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш инфекцияның белең алып кетуінің алдын алып, дер кезінде елде төтенше жағдай жариялады.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та маңызды үндеу жасап, халқымызды Қасым-Жомарт Кемелұлының және Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды.

Айналайын халқым! Қазақта «Бірлігі бекем елді жау алмайды» деген аталы сөз бар. Елбасы айтқандай шынымен де осындай ауыр кезеңде  барлығымыз береке-бірлікте болып, ел билігінің індетті жоюға бағыттаған барлық шектеулеріне бойұсынып, елімізді, жерімізді қорғауға бірлікте күш салумыз керек. Қазір Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасына сай, азық-түліктің, қажетті  дәрі-дәрмектер мен басқа да зат бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін түрлі жұмыс жасап жатыр.  Сонымен бірге, аты жаман бұл вирустан қорғану үшін және оның алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдады. Міне, мұның барлығы халықтың қамы үшін жасалып жатқан батыл қадамдар. Мен осы орайда жалпы халқымызды Елбасының және Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, тазалық шараларын сақтап, береке-бірлікпен қатерлі дертке қарсы тұруға шақырамын. Сонда ғана бұл бір қиын кезеңдерден аман өтіп, бәрін жеңетінімізге сенемін. Аллам өзі елімізге амандық, жерімізге тыныштық беріп, әлемге төнген індеттен сақтасын! Келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі құт пен ырыс әкелсін!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK