Халқымызда «Сақтанғанды – Құдай сақтайды» деген тамаша тәмсіл бар. Осы бір сөздің мағынасын қазір бүкіл әлем болып сезіп жатқандаймыз. Жаһанды дүрліктіріп жатқан коронавирус инфекциясы қазақ топырағына да келіп, дүйім жұртты алаңдатып қойды.

Президетініміз осы орайда төтенше жағдай жариялап, бұл нәрсеге аса сақтықпен қарауға, сондай-ақ, барша халықты береке бірлікке шақырып, індетті бір болып бірге жеңуге үндеді. Мемлекет басшысының бұл әрекетін құптарлық һәм орынды деуімізге толық негіз бар.

Жалпы, қасеиетті асыл дінімізде де мұндай індет тараған уақытта адамдар сақтық шарасын бекем ұстанып және оның таралуына жол бермеу керектігін меңзейді. Бұлай деуімізге Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі дәлел.

Алла елшісі (с.а.у.): «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер бір жерде оба дерті шығып, сендер сол жерде болсаңдар, аурудан қашу үшін басқа жерге шықпаңдар», — деп ескерткен.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы айтқан өсиеті қазіргі таңда біз үшін өте маңызды, әрі қажетті мағлұмат екендігін айтқым келеді. Себебі, қазір коронавирус инфекциясы да оба дерті секілді жұқпалы, сонымен қатар адам өміріне қауіп төндіріп отыр.

Дана халқымызда «Ауруын жасырған өледі» деген тағы да бір тамаша нақыл сөз бар. Сондықтан да бұл аурумен күресуде әрбір адам, әрбір отбасы және Отанын сүйетін әрбір азамат бей жай қарауы орынсыз болмақ.

Сөз соңында, батпандап кіріп, мысқалдап шығатын бұл індетке көзiң ауырса – қолыңды тый, ішiң ауырса – аузыңды тый демекші, еліміздің денсаулық сақтау ұйымдары яғни, ақ халатты абзал жандарымыз бізге нені бұйырып, нені істеуден қайтарған болса, соған амал етуіміз өзіміз үшін де, қоғам үшін де хайырлы болмақ. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай. Алла түрлі бәле-жаладан сақтасын!

Ерлан Матаев,

Алматы облысы дін істері басқармасының дінтанушы маманы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK