Суретті түсірген Айдын Нұршанов

 «Jetisy media» ақпараттық алаңында «ТЖ кезіндегі  оқу орындары, мектеп, балабақшаның жұмысы» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.   Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова  аймақтағы білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Коронавирустың өршуіне байланысты  мектеп оқушылары мерзімінен бұрын көктемгі демалысқа жіберілгені баршаға аян.  Студенттер де оқу орындарына бармайды. Қашықтықтан білім алып, интернет арқылы тапсырма орындайды.  Мектеп мұғалімдері методикалық жұмыстармен айналысуда. Каникул мерзімі аяқталған соң  оқушылардың қалай оқитындығы қосымша хабарланады.

Ал   балабақша тәрбиешілері қалыпты жұмыс істеп жатыр.   Балабақша жұмысына күнделікті мониторинг жасалады. Балалар ата-анасының  және заңды жауапты адамдардың қалауымен ғана келеді. Үйден қараймын деп өтініш білдірген ата-аналарға айтарым, балабақшадағы орын сақталады. Қазіргі таңда коронавирусқа байланысты санитарлық — профилактикалық шаралар барлық  білім мекемелерінде қолға алынған.  Жалпы білім беру мекемелерінде дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуге  арнайы қаржы қарастыруға облыстық мәслихатқа  ұсыныс берілген»,-деді Ж. Сүлейменова.

Жалпы алғанда, Алматы облысы бойынша  770 мектепте 41 мың оқушы, 1167 балабақшада 85632 балдырған оқып- тәрбиеленуде. Ал  аймақта кәсіптік бағдар беретін 78 колледж болса, оның 44-і мемлекеттік, 34-і жекеменшік.  Аймақтағы оқу орындарында 30 мыңдай білім алушы болса, оның 28 мыңы күндізгі бөлімде оқиды. Кәсіптік білім алатын 496 жетім балалардың 112-сі жатақханамен қамтылған. Жарияланған төтенше жағдайға байланысты жетім балалар қамқоршыларының отбасына қайтарылды.   Ата-ана қамқорлығынсыз қалған  30 бала  жатақханада. Олар үшін компьютер қойылып, санитарлық-эпидемиялық жағдайларға назар аударылып отыр.  Себебі, колледж білім алушылары да қашықтықтан оқу жүйесіне көшкен.

Оқу жоспарына  сай биылғы мектеп бітірушілер ҰБТ дайындалып жатыр.  Сынақ мезгілінде өтеді деп күтілуде. Алайда,  осы наурыз айында ақылы өтетін сынақ індеттің кесірінен тоқтатылған. Спикер БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK