Кеше, яғни 18-наурыз күні Талдықорған қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен қаладағы қоғамдық тамақтану орындарына, ойын-сауық орталықтарына түнгі тексеріс ұйымдастырылды. Құзырлы орган өкілдері, әкімдік қызметкерлері және БАҚ өкілдері бірігіп, қаланың 20-ға жуық кәсіпкерлік нысандарын тексерді. Нәтижесінде төтенше жағдайға қарамастан, сағат 22-00-ден кейін де қызметін жалғастырып жатқан 5 нысан анықталып, хаттама толтырылды.

«Вокзал маңындағы тамақтану орындары санитарлық талапқа сай емес. Далада бәліштерін пісіріп, беті ашық күйінде саудалайды. Бұл көпе көрнеу ереже бұзушылық. Қазіргі кезде барлық нан өнімдері қаптамада сатылуы керек. Халық мұндай жерден тамақтанбағаны дұрыс» дейді Талдықорғанның бас санитары Ермек Әсемқұлов мырза.

Ал, «Элит» бильярд клубы еліміздегі төтенше жағдай туралы мүлде естімегендей. Мұнда азаматтар емін-еркін ойнап, тамақтанып отыр. Ешкімде бетперде жоқ. Тіпті, кіре берістерде тұруы керек антисептиктік сұйықтықтар жоқ. «Президент Жарлығына сәйкес, ойын-сауық орындарының жұмысы тоқтатылуы керек. Ал, бұл кәсіпкер тыйымға қарамастан жұмысын жалғасытруда. Бұл ісіне ол енді заң алдында жауап беретін болады» дейді қалалық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Қалиахмет.

Төтенше жағдай жайлы естімегендер қатарында І.Жансүгіров даңғылындағы «Релакс шиша» кальян орталығы да бар. Түн жарымына қарамастан мұнда келушілер қатары сиремеген. Ішке кіріп-шыққан 3-4 минутта түтіннен тынысымыз тарылып, басымыз айналып кетті.

4-шағын аудандағы «Кипчак» дәмханасында «қызық» оқиға болды. Дәмхана даяшысы рейд жасап жүрген топқа айқайлап, тіпті қол жұмсауға дейін барды. Дөрекі даяшыны полиция өкілдері сабырға шақырып, хаттама толтырды.

І.Жансүгіров даңғылындағы «Жетісу» асханасы да 22-00-ден кейін жұмысын тоқтатпаған. Бұл кәсіпкерге де хаттама жазылып, айыппұл салынатын болды.

«Бұндай рейдтік шаралар күнделікті жүргізіле береді. Кейбір кәсіпкерлер төтенше жағдайды елемейтін секілді. Оларға түсіндіру жұмыстары қоса жүргізіліп жатыр. Ал, ереже мен заңға бағынбайтындарға жаза қолданылады» дейді қала әкімінің кеңесшісі, әрі баспасөз-хатшысы Нұр Қанатұлы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті 15-наурыз күні елде короновирус пандемиясына қарсы төтенше жағдай жариялау туралы Жарлық шығарған болатын. Бірақ, Талдықорған көшелерінде бейқам жүргендер көп секілді. Әркім өз денсаулығы үшін жауапты! «Сақтансаң, сақтаймын!» дегенді естен шығармаған жөн-ау.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK