Бүгінде дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирус әлемнің 138 еліне тарап, науқас жұқтырғандардың саны 160 мыңнан асқан. Соның ішінде аталмыш дерттен көз жұмғандар 6610 адамды құрады. Ал, Қазақстанда бұл дертті жұқтырғандар саны 32 адам. Елде мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың алдын-ала берген тапсырмасына сай төтенше жағдай жарияланып, сақтық шаралары қолға алынған. Қазір барлық аймақта күшейтілген тәртіпте жұмыс жүргізілуде.

Осыған байланысты Алматы облысы аумағындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында Талдықорғанда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздік бақылау департаментінің басшысы Қайрат Баймұханбетов БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді. Сондай-ақ Жетісу телеарнасының тікелей эфирі арқылы жұрт сауалына жауап қайтарды.

Қайрат мырзаның айтуынша, Алматы облысында қазірге аталған дертті жұқтырған адам тіркеле қойған жоқ. Дейтұрғанмен сақтықта қорлық жоқ, «Алла да сақтанғанды сақтаймын!», деген. Сақтық шаралары бәрінен маңызды. Қазір облыста шетел асып келген 139 адам оқшауланған. Олардың 16-сы үйінде оңашаланса, 123-і арнайы  стационарлық   карантинге алынған. Сонымен бірге аймақтағы адам көп баратын базарлар, қоғамдық көліктер жаппай залалсыздандырылуда. Президент Жарлығына  сәйкес, бірқатар шараларға уақытша шектеу қойылды. Онда қоғамдық тәртіпті сақтау барынша қадағаланып, күзет күшейтілді. Ірі сауда орындарының жұмысы шектеліп, ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрлардың, көрмелердің және адамдар көп баратын басқа да орындардың жұмысы тоқтатылды.  Егер төтенше жағдай кезінде науқас адам медициналық тексеруден, емделуден, оқшауланудан бас тартса немесе науқасын жасырса заңды жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер белгіленген тәртіпті сақтамаған, бұйрықты орындамаған жағдайда да ҚР әкімшілік құқық бұзу заңының 476 бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке қамауға алу қарастырлады.

Осы орайда Қайрат Қажыманұлы тұрғындардан түскен бетперде тапшылығына байланысты сауалға да жауап берді. Департамент басшысының сөзінше қазірдің өзінде Талдықорған қаласында дайындалған 128 мың   бетперде ауыл аймақтағы жергілікті дәріханаларға үлестіріле бастаған. Оны дайындауға шикізат жеткілікті. Шаһардағы «Ажар» тігін фабырикасы, кәсіптік колледждер басқа да ірі тігінханалар жұмылдырылған. Сондықтан да, Алматы облысындағы жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK