Қазір  бүкіл әлем өте күрделі жағдайды  бастан өткеруде. Президент Қ.Тоқаев   күні кеше дүниежүзіне тараған коронавирустың таралуына байланысты үндеу жасап, елімізде төтенше жағдай жарияланды. Жарлыққа байланысты барлық қажетті шаралар қолға алынуда.

Қоғамдық тәртіп  қатаң бақылауға алынды.  Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер  қашықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Көпшілік іс-шаралар тоқтатылды. Мұның бәрі халықтың денсаулығы жолында жасадып жатқан қадамдар екендігін  жақсы түсінуге тиіспіз.  Халқымыз  небір нәубетті, соғысты бастан өткерді.  Өзімнің әкем соғысқа қатысты. Ол кісі бізді жеңіске жеткізген достық, татулық, сабырлық деп отырушы еді.

Ал ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Наурыз  биыл кеселді індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты кең көлемде тойланбайтыны баршаға белгілі.  Әркім өз шаңырағында бала-шағасымен бірге қарсы алғаны жөн. Наурыз көжені жасап, бауырсақ пен құрт-ірімшік,  айранды дастарқанға толтырып, жақсы көңілмен қарсы алайық.

Бұл мереке әрбір отбасына амандық, береке-бірлік, құт-береке, молшылық әкелсін!  Халқымызды тәубесінен жаңылдырмай,  сабырлық берсін ,-деп тілеймін.

                                                                                        Гүлғайша Тайжанова,

                                                                                                     көп балалы ана.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK