Бүгін Талдықорғандағы дәріханаларға рейд жүргізілді. Мақсат – дәрілердің бағасына мониторинг жүргізіп, жергілікті жердегі масканың тапшылығын анықтау.

Аталған шараға Алматы облысы әкімдігінің қызметкерлері және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мамандары қатысты.

Жұмысшы топ алдымен шаһардағы орталық дәріханаға барып, ондағы жағдаймен танысты. Белгілі болғандай ол жерде бір реттік қолданатын маска жоқ болып шықты. Тек, бір тәулікке ғана арналған бетперде сатылуда. Алайда, оның бағасы сұрған жанның қалтасын қағады. Бір данасы – 700 теңге.

Маска іздеп келгендердің көбісі мұндай бағамен келіспейтіндерін айтып, назын білдіріп жатса, кейбіреулері амалсыздан сатып алуда.

Роза Төлегенқызы, қала тұрғыны: — Мына масканың құны 700 теңге деп тұр. Біз секілді зейнеттегі адамдарға мұндай баға өте ауыр. Ешкімнің қалтасы көтермейді. Оның үстіне бұл бір тәулікке ғана арналған екен. Әрі-бері жүрген соң терлейміз. Меніңше, ол ұзаққа шыдамайды. Әрі кетсе екі сағатқа ғана жарамды шығар. Қазір азық-түліктің де бағысы шарықтап кеткен. Не істерімізді білмей қалдық. Маска ма, әлде тамақ аламыз ба? Арзан маскалар қайда кеткен? Мен соны іздеп келдім.

Ал, дәріханадағылар бүгінгі күнде маска өте тапшы екендіктерін жасырмады. Айтуларынша, бетпереде сұрап келетіндердің қатары күн сайын өсіп келеді. Тіпті, қолға арналған антисептикалық құрылғы да жоқтың қасы.

Анара Бесбаева:Әзірге 700 теңгелік бір тәулікке арналған маскаларды сатудамыз. Мұның өзі таусылуға жақын. Тапсырыс беріп қойдық, бірақ бізге келмей жатыр.

Біз дәл осылай облыс орталығындағы 3-4 дәріханаға барып, бетперде сұрадық. Барлығының айтқан жауабы бір – «маска жоқ». Болған күннің өзінде бір адамға бес маскадан артық сатылмайды.

Алайда, олблыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел алаңдауға негіз жоқ екендін айтады. Оның сөзінше, Іле ауданында айына 1,5 млн. маска шығаратын кәсіпорын ендігіде өнім көлемін екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар, Қапшағайда және Талдықорғандағы «Ажар» тігін фабрикасында маска шығаратын болады.

Ал, дәрілердің бағасына жүргізілген мониторинг қорытындысын кейін жариялайтын боламыз. Оны қазір тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мамандары дайындау үстінде.

Айта кетейік, соңғы деректерге сәйкес, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 32-ге жетті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK