Қазақстанда коронавирус инфекциясына шалдыққан алғашқы екі науқас тіркелді, -деп хабарлады «The Qazaq Times» . Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, аталған  дертті Алматы қаласына Германиядан ұшып келген екі қазақстандық жұқтырған.

«Өкінішке орай, мен бүгін мұқият тексеруден кейін екі азаматқа инфекция оң нәтиже көрсеткенін растап, хабарлауға мәжбүрмін. Басқа карантинге жатқызылғандарда әзірге клиникалық белгілер жоқ, өзін жақсы сезінеді. Барлық қажетті шаралар қолға алынып жатыр», — деді министр. 12 наурыз қонған ұшақтағы 12 азамат ауруханаға жатқызылған, оның біреуінен коронавирус инфекциясы анықталды. Ал 9 наурыз ұшып келген борттағы 73 жолаушының бірінен аталған инфекция табылған. Екі науқаспен байланыста болған 85 адамға қатысты ақпарат анықталып жатқан көрінеді. Науқас екі адамның бірі ер адам — 46 жаста, ал екіншісі әйел кісі — 36 жаста. Екеуі де Алматы қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды,  сондықтан мекеме бүгіннен бастап карантин режимінде жұмыс істейді. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусына байланысты пандемия жариялады. ДДСҰ басшысы соңғы екі аптада Қытайдан басқа елдерде коронавирус жұқтырған жандардың саны 13 есе, ал, вирус тіркелген елдер саны 3 есе өскенін хабарлады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK