Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Қазақстанда сатылатын азық-түліктің басым бөлігі – жергілікті өнімдер болғандықтан бағаның көтерілуіне еш негіз жоқ. Осыған орай taldykorgan-online.kz порталы Талдықорған қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын сұрап білген еді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шығарған қаулысына сәйкес бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі бекітілген. Олардың қатарына халық күнделікті тұтынатын нан, ұн, қант, тұз, ет, жұмыртқа, күнбағыс майы, күріш, қарақұмық, рожки және сүт өнімдері мен көкөністер кіреді.

Қала әкімінің баспасөз хатшысы, әрі кеңесшісі Нұр Қанатұлының айтуынша, қазір облыс орталығында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы шаралар атқарылуда. Мәселен, апта сайын «Жетісу-Өрлеу» базарында ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің (Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары) қатысуымен жәрмеңке өткізіледі. Онда саудагерлерге делдалсыз өз өнімдерін сату үшін 26 орын қарастырылған. Сондай-ақ, жұмыртқа және сүт өнімдерін тікелей сату үшін қаланың бірнеше жерінен арнайы дүңгіршектер ашылып отыр.

Бұдан бөлек, нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұн шығарушы кәсіпорыннан аталған өнімнің бір келісін 130 теңгеден сатып алып, оны қаладағы наубайханаларға 90 теңгеден тарату үстінде. Жалпы, үстіміздегі жылдың 10 наурыздағы жағдай бойынша «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қоймасынан 600 тоннадан астам (1-ші сұрыпты) ұн наубайханаларға таратылған. Осы орайда, наубайхана иелері келісім бойынша қалыпта піскен нанды дүкендерге 80 теңгеден жеткізсе, тұтынушылар оны 85-90 теңгеден сатып алып жатыр. Бүгінде Талдықорғандағы 465 дүкенде осы баға сақталған. Мұны әлеуметтік маңызы бар тауарларға жүргізілген мониторинг қорытындысы растап отыр.

Қазіргі уақытта «Жетісу» ӘКК (әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары бар) қала дүкендерінде әлеуметтік бұрыштар ашу үшін сауда иелерімен келісім жұмыстарын жүргізу үстінде. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

Талдықорған қаласы бойынша 2020 жылдың І тоқсанындағы азық-түліктің шекті бағасы

  1. Бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді) – 150 т,
  2. Бірінші сортты бидай ұны, кг – 148 т,
  3. Қант, кг – 205 т,
  4. Ас тұзы, кг – 54 т,
  5. Сиыр еті, кг – 1808 т,
  6. Тауық еті, кг – 914 т,
  7. Тауық жұмыртқасы (І-ІІ санатты) 10 данасы – 277 т,
  8. Күнбағыс майы, литр – 430 т,
  9. Күріш, кг – 329 т,
  10. Қарақұмық жармасы, кг – 257 т,
  11. Рожки, кг – 240 т,
  12. Пастерленген сүт (2,5 % майлығы), литр – 177 т,
  13. Айран (2,5% майлығы), литр – 179 т,
  14. Сүзбе (5-9 %, кг – 1233 т,
  15. Тұздалмаған сары май (72,5% майлығы), кг – 2565 т,
  16. Қырыққабат, кг – 121 т,
  17. Пияз, кг – 94 т,
  18. Сәбіз, кг – 111 т,
  19. Картоп, кг – 106 т.
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK