Он екі мүшесі сау бола тұра, Тəңір берген шексіз мүмкіндіктерді пайдаланбай, күпірлікпен өмір сүріп жүрген жандар қаншама? Соларға қарап іштей налитынымыз жасырын емес. Ал, біздің Раушан есімді кейіпкеріміздің тағдыры осы рухы әлсіз пенделерге сабақ болады деген ойдамыз. Шуақты көктеммен қатар келген Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қозғағалы отырған әңгімеміз – жаны нәзік болғанымен, бойындағы жігері, күш-қайраты ер жігіттен кем емес спортшы жайында болмақ.

Раушан Қойшыбаева – 1966 жылы Қызылорда қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бала кезінен тігіншілікке әуестенген ол мектептегі оқуын тәмамдағаннан кейін бірден еңбекке араласып, тігін және тоқыма фабрикасына жұмысқа орналасады. Тағдырдың сынағы болар, 23 жасында ойламаған жерден теміржол апатына түсіп, екі аяғымен жүруден қалған. Осы сәттен оның өмірі күрт өзгереді. Мына жарық әлем һәм қызылды-жасылды дүниенің барлығы оған қызықсыз, еш мәнсіз болып қалғандай күй кешкен.

Алайда, аяғынан қайта тұруға еш мүмкіндігі жоқ кезде оның жанынан ата-анасы мен жақындары табыла білді. Кейін өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың аяқтарын басып, күліп жүргендерін көргенде Раушанның өмір сүруге деген құлшынысы арта түскен. Содан ем іздеп, әрі аяғына протез (жасанды аяқ) салдырту үшін Алматыға жол тартады. Сол жерде тағдырлас серігі Бауыржанмен танысып, біршама уақыт араласқаннан кейін екі жас отбасын құруды шешкен.

«Шаңырақ көтергеннен кейін екеуміздің бар мақсатымыз – денсаулығымызды түзету болды. Аллаға шүкір, білікті мамандардың арқасында, таяққа сүйенбей тік жүретін қалге жеттік. Тәңір берген тәтті сый десем болады, бүгінде біздің үш қызымыз бар», — дейді қуанышымен бөліскен батыр ана.

Раушан Қойшыбаева 2010 жылдан бастап пауэрлифтинг спортымен айналыса бастаған. Нақтылап айтар болсақ, оның танымал зілтемірші атануына жолдасы Бауыржан себепкер болыпты.

«Мен Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылына келін болып түстім. Бір күні Бауыржан сол ауылдың спорт залына өзі ертіп апарды. Алғаш жаттығу залына барғаннан-ақ, зілтемір көзіме оттай басылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың гантель, штанга көтергенін көргенде менің де спортқа деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша, спортқа келдім. Бапкерлерім қандай қиын сәт болса да, қолдау білдіріп, менің әр қадамыма тілекші болды», — деген спортшы қазіргі таңда үлкен жетістіктерді де бағындырған.

Р.Қойшыбаеваның кәсіби спорттағы алғашқы жеңісі 2011 жылы орын алды. Алматы облысының турниріне қатысып, жүлделі бірінші орын алған кезде оның бойында үлкен күш, талпыныс пайда болған. Спортқа келгеніне бір жыл толғанда Қазақстан спорт шебері, екі жылда халықаралық спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, рекордсмені әрі, Ұйғыр ауданының Құрметті Азаматы атағын алды.

Раушан Қойшыбаева

Сондай-ақ, 2016 жылы Дубайда өткен Әлем чемпионатында қола медаль еншілесе, 2015-2018 жылдары Жапониядағы Азия чемпионатының және Джакарта Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған. Кейін 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ХV жазғы Паралимпиадада ұлттық құраманың қоржынына күміс медаль салды. Спортшы бұл байрақты додада 67 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 113 келі зілтемірді бағындырған. Раушанды қалың елге танытқан осы Паралимпиадағы жеңісі. Алтынға бергісіз күміс медаль оған сонысымен қымбат.

Р.S. Раушан Қойшыбаева – бүгінде Талдықорған қаласының тұрғыны, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері. Ойлап қарасаң, атағы құлаққа жағымды естіледі-ақ. Бәлкім, кейбір жандар мұндай жетістікке жетуді қиынсынатын шығар. Алайда, қазақтың қайсар қызы басына түскен ауыртпалығына қарамастан ауыр сынаққа төтеп беріп, онымен қоса спортты да бағындырып отыр емес пе? Бір сөзбен айтқанда үлгі тұтарлық жан. Олай болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға үміт сыйлап, Алаштың абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген спортшығы тек қана сәттілік серік болсын дейміз. Жарайсың, Раушан!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK