Елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні болып жарияланған. Осы атаулы күнге орай Талдықорғандағы  Оқушылар сарайында  қалалық  ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен  шара өтті. Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы Темірболат Ахажан  жиналған қауымды мерекеге орай құттықтады.

« Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуыының негізі. Бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты.  Баршаға белгілі,   еліміз кезінде  тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналды.   Бір- бірімізге мейірбандық,  сыйластық таныта берейік, татулықтың    туы  жоғарыдан желбірей берсін! Алғыс айту күнімен баршаңызды құттықтаймын. Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын! –деді мәслихат хатшысы.

Мұнан соң Т. Ахажан   қоғамдық өмірге белсене атсалып келе жатқан азаматтарды  төсбелгімен және қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапаттады.

Ардагерлер кеңесінің мүшесі Өкітай Ахметов бұл мерекенің маңыздылығына тоқталды. Ал облыстық  Ассамблеяның мүшесі,  облысымыздың Құрметті азаматы Светлана Гаитова, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы  Атсалим Идигов жүрекжарды  тілектерін  білдірді.

«Алғыс айту күні қазақ жерін мекен ететін халықтардың нәубетті жылдарымен тығыз байланысты. Бұл мереке  жыл сайын  аталынып өтуде. Мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сананы  нығайту мен дамытудың қазақстандық құндылықтарына негізделген.  Қазақ халқы  ашаршылық, қуғын-сүргін нәубетті көрді.  Соғыстың қиыншылығы тағы бар. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұл  үйірілген қаншама ұлт өкілдеріне пана бола білді. Береке-бірліктің арқасында  ауыртпалықтың бәрін  жеңіп шықтық . Адамгершілік, бауырмалдық қасиет жастарға үлгі болсын,- деген ойды білдірді сөйлеушілер.

 Бүгінде  елімізде 130-дан астам ұлт пен  ұлыс өкілдері тату-тәтті  өмір сүруде. Олар халқымыздың  тілін, дінін, ділін, дәстүрін сыйлап, құрметпен қарайды.

Жиынға қатысушылар «Талдықорған әуендері» ,  «Ачимноуль», «Солнышко» ансамблдері өнерпаздарының концертін көріп, тамашалады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK