Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 2019 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшыларды марапаттады. Салтанат сарайында өткен басқосуға спортшылар, бапкерлер және БАҚ өкілдері қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиында алдымен спортшылардың жетістігіне арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Онда жетісулық саңылақтардың үлкен ареналарда бағындырған белестері сөз болып, спортқа жасалып жатқан қолдаулар әспеттелді.

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков

Атап айтсақ, Алматы облысының спортшылары өткен жылы халықаралық және республикалық жарыстарда жалпы саны 2310 медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, 1 – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 34 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 173 – спорт шебері, 998 – спорт шеберлігіне үміткер және 425 – бірінші дәрежелі спортшы атақтарын иеленген. Бұдан бөлек жетісулық саңылақтар үстіміздегі жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына 6 жолдама ұтып алған.

Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы спортшылардың бұл жетістігіне ризашылығын білдіріп, еліміздің, оның ішінде Алматы облысының атын шығарып жүрген спортшыларға жылы лебізін білдірді.

«Өздеріңіз білесіздер, биыл Олимпиада ойындары өтеді. Спортшыларымыз осы байрақты бәсекеде топ жарса екен деп тілейміз. Жеңісті қолдан бермеу керек. Баршаңызға сәттілік!», — деді А.Баталов.

Осыдан кейін марапаттау рәсімі басталды. 2019 жылғы облыстық спорт мекемелерінің, бөлімдерінің жұмысын рейтингтік жүйеде бағалаудың қорытындысы бойынша Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі үздік атанып, 500 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Бұдан бөлек, халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін бірнеше спортшы облыс әкімінің арнайы дипломымен және 500, 300, 200, 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар, салауатты өмір салтын насихаттап, спортшылардың жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жүрген журналистер де құрметке бөленді.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 30 спорт кешені, оның ішінде 8 дене-шынықтыру сауықтыру кешені, 25 стадион, 2 спорт сарайы, 7 ипподром, 50 бассейн сынды жалпы, 3587 спорттық құрылым халыққа тегін қызмет көрсетіп келеді. 600 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл дене шынықтыру және спортпен айналысатын облыс халқының шамамен 30 пайызын қамтиды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK