Биылғы 1- наурызда   «Nur Otan»  партиясының  құрылғанына 21 жыл толады.  Осыған орай    Талдықорған қалалық   партия филиалының  ұйымдастыруымен Салтанат сарайында салтанатты жиын өтіп, оған Алматы облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Г. Тойлыбаева, саяси кеңес, бюро, депутаттық фракция, партиялық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңес мүшелері мен жастар өкілдері қатысты.

Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші  орынбасары  Аманжол Жазықбаев  құттықтау сөз сөйледі. «Құрметті нұротандықтар!  Партия құрылған күннен бастап  бірліктің, тұтастықтың негізіне айналды. Баршаңызды қала әкімі, партияның қалалық филиалының  төрағасы Ғалымжан Райылұлының атынан құттықтаймын.

«Nur Otan» партиясы елмен етене қайнасып, халықтың мүддесін қорғап, тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдап келеді. Өзінің қалыптасу және даму жолында көптеген асуларды бағындырды.

21 жыл ішінде қаламызда партия мүшелерінің саны айтарлықтай өзгерді.  1999 жылы 1013  ғана партия мүшесі болса,  бұл көрсеткіш бүгінде 10 мыңға жетіп отыр.

 Өткен  2019 жыл наурызынан  бүгінгі күнге дейін  қоғамдық қабылдау аясында 301 қабылдау өткізіліп, оған  523 адам  өтініш білідіріп келген. Соның ішінде 235-і оңтайлы шешімін тапса, 288 өтінішке  заң аясында кеңес берілді. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дейді дана халқымыз. Күнімізді шуақты, елімізді қуатты ету баршамыздың ортақ парызымыз. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік –ең басты құралымыз. Осы жолда баршаңызға сәттілік, табыс тілеймін!»-  деді Аманжол Жазықбаев.

Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары  Г. Тойлыбаева,  партия ардагері, қалалық партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Е. Қошанбеков,   қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Е.Сапаров және де жастар сөз алып,  жиынға қатысушыларды партияның 21 жылдығымен құттықтады. Салтанат соңында  партияның қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып жүрген  бастауыш ұйымдар төрағаларына, БАҚ басшыларына  алғыс хат  табысталды. Біздің «Талдықорған» газеті де марапатқа ие болды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK