Талдықорғандағы Абай атындағы мектеп — гимназиясы биіктерді бағындыруда

194

Биыл  ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін  салушы, аудармашы, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту  жұмыстары қолға алынуда.  Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Білімнің қайнар көзі – мектеп, бала жанының тәрбиешісі — ұстаз.

 

Талдықорған қаласында Абай Құнанбайұлының атын иеленген мектеп пен орталықта көше бар.  Ендеше,ақын мерейтойына орай Талдықорған қаласындағы  Абай атындағы орта мектеп – гимназиясының  өткені мен бүгінгісі турасында  әңгіме қозғамақпыз.  Абай  аталарының атын иеленген  білім ошағының  қол жеткізген  жетістіктері  жайлы мектеп директоры  Долаев Самғат Садырбайұлынан сұраған едік.

— Ақын атын иеленген мектептің   қысқаша тарихына тоқталсаңыз.

— Артына өшпес із қалдырған  ғұлама, ойшыл, ақынның ұрпақтары білімдерімен және саналы ой, тәрбиесімен  қашанда алдыңғы қатардан көріне  білуі тиіс.  Тарих  парақтарына көз жіберсек, Қапал уезі халықтық білім беру бөлімінің құжаттарында  білім ошағы 1921 жылдың қыркүйек айында 12-17 жастағы балаларға арналған тұңғыш бастауыш мектеп ретінде ашылған. 1923 жылы сауатсыздықпен күрес жүріп жатқан тұста шағын ғана ғимаратта екі сынып қатар оқып, 143 оқушы дәріс алған. Алғашқы  бастауыш мектеп кейінгі жылдарында колхоз жастары мектебіне немесе тәжірибе –өндірістік орта мектебіне айналдырылды. Бұл  жерде оқушылар білім алумен қатар, ауыл шаруашылық өсімдіктері мен малдарды қарауға жәрдемдескен. 150 бас сиыр, 50-дей жылқы, егін, жеміс, жоңышқа өсіретін 300 га жері  болған. Тапқан табысының есебіне балалар асханадан тегін тамақ ішкен. 1938 жылы 10-сыныпты 17 түлек бітіреді.Педагогикалық ұжымды шығармашылыққа бағыттаған алғашқы мұғалімдер  А.Быстрова, Н.Маматов, Л.Рубинчик, Р.Вир есімдері тарихта қалды.

1945 жылы  Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына орай  Талдықорған қалалық еңбекшілер кеңесі депутаттары атқару комитетінің №18 шешіміне сәйкес №1 орта мектепке Абай  есімі берілді.  Ал 1959-60 жылдары қаладағы 11 жылдық алты мектептің алғашқысы  болып танылды.

-Тарихы терең білім ошағының  қазіргі кездегі жетістігі қандай? Оқушылар жетістігі –мұғалім мерейі емес пе?  

— Қазіргі таңда   бұл  білім ошағында  барлығы 113 мұғалім қызмет етсе, 1478 оқушы білім алады.  І ауысымда 783 оқушы, ІІ ауысымда 695 оқушы оқиды.  Сондай-ақ,  мектепалды даярлық сыныбы бар.  251 оқушы оқу озаты, 687- оқу екпіндісі.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» -дегендей,  оқушыларға саналы білім беріп, жемісті жұмыс жасап жүрген мұғалімдер қатары көп.  Қазіргі уақытта білімді толықтырып, ғылымды меңгермейінше,  биіктер бағына қоймайды. «Пайда ойлама, ар ойла,  Талап қыл артық білуге»- деген Абай  өсиетін бағыт етіп ұстанамыз. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегерлері тарих пәні мұғалімі Л.Степанец, география пәні мұғалімі  Б.Алмабекова,  ҚР БҒМ  Құрмет грамоталарымен марапатталған бастауыш сынып мұғалімі Г.Тынышбаева, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Р.Огай,«Құрметті ұстаз»  медалінің иегерлері ағылшын тілі пәні мұғалімі И.Попова, бастауыш сынып мұғалімі Г.Жарылғапова сынды жоғары марапатқа ие болған ұстаздар еңбек етеді.Сонымен қатар жаңартылған білім беру мазмұны аясында облыс деңгейінде тренер болып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Р.Досыкенова мен бастауыш сынып мұғалімі Г.М.Иманғалиева сынды ұстаздар еңбек етеді.

 

Мектептің оқу-тәрбие ісі жоспарлы түрде  жүргізіліп келеді. Қалалық,  облыстық деңгейде оқу-әдістемелік шаралар және дәстүрге айналған «Ата-баба дәстүрі-ұрпаққа аманат» танымдық шарасы, «Жас ұлан» әскери-патриоттық дала ойындарына (жетекшісі АӘД пәні мұғалімі М.Махметов)  жылда белсенді қатысып келеді. Қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен қолға алынған  «Ата-баба дәстүрі –ұрпаққа аманат»  тәрбиелік  шарадан бес жыл қатарынан  бас жүлдені иелендік.

 Жалпы білім беретін  пәндер бойынша  республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша  мектеп-гимназия   «Үздік олимпиадалық команда» атағын  жеңіп алды.  Қаладағы 25  мектептің арасынан үздіктер қатарынан көрінді.  Осылайша,білім дәрежелерін жоғарыдан көрсеткен өрендер гимназия мерейін асқақтатты. Сол сайыстан білімгерлердің  екеуі  1-орын,   оны-  2-орын, он бірі  3- орын және  де грамота иеленді.

— Ғылым- өнер, спортқа   бейім оқушылар бар шығар…

-Әрине,  тарихы мол  білім ошағынан мыңдаған түлек түлеп  ұшты. Ғылым  жолында, еңбекте талай шыңдарды бағындырған шәкірттеріміз баршылық. Мектебіміздің оқушылары білім, өнер, спорт додаларында биіктерді бағындырып жүр.  Өткен оқу жылында  бір оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.  Үстіміздегі оқу жылында да  11 сыныпты 60 түлек аяқтайды. Олардың 3-еуі «Алтын белгіден» , 2-уі үздік аттестаттан  үміткер.

Мектебіміздің оқу-тәрбие жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.  Оқушылар білім, өнер, спорттық додаларда биіктерді бағындыруда.

 Биылғы оқу жылында А.Ендибаев «Дарын» республикалық ғылыми жобалар жарысында жүлделі 3-орынды иеленді. Ресейдің Королев қаласында өткен « Адам. Жер. Ғарыш» атты халықаралық ғылыми-зерттеу байқауында  11-сынып оқушысы  Г. Курмаев биология пәнінен жетекшісі Э. Дармышевамен  бірге 1-орынға қол жеткізді. Республикалық  «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жоба облыстық кезеңінен бастауыш сынып оқушылары А.Құсайын мен Д.Райхерт жүлделі орындарға ие болды.

 Спорттағы жетістіктерімен есімі облысқа, республикаға танымал болған спортшыларымыз да жеткілікті. Садақ атудан халықаралық спорт шебері,  еліміздің бірнеше дүркін чемпионы,  Тайландта өткен 41-ші Азия кубогының  қатысушысы Мария Филько деген спортшы қыз бар. Ал А. Санатова тоғызқұмалақтан республикалық мектеп  спартакиадасының жүлдегері, аймақтық кезеңнен  1-орын иегері атанды.

Өнерлі өрендер де жетерлік. Күні кеше қалада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған  «Бала әлемі-2020» аймақтық өнер байқауы ұйымдастырылды.   Сол сайыста  Смайыл Азамат бас жүлдені  иеленді.

 Р. Сағадиев  халық аспаптары орындаушыларының халықаралық байқауында 3 -дәрежелі диплом иеленіп, лауреат атанса, ал «Золотая лира» фестивалінде   бірінші орын тұғырына көтерілді. Республикалық  «Жарық жұлдыз» балалардың өнер байқауында 3-сынып оқушысы У. Алимхан бас жүлдені қанжығасына байлады.

— Ұлы ойшылдың атындағы мектеп — гимназия болғандықтан, Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн.   Ақын мерейтойына арналған  қандай  шаралар қолға алынды?

-Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет деп ойлаймын.  Еліміз бойынша Абай мұрасын тағы бір зерделеп шығу бағытында шаралар ұйымдастырылуда.  Мектеп ішінде  ақын шығармашылығына арналған көрме қойылған. Шәкірттеріміз бүкіл қала мектептері арасында бірінші болып,  Абай өлеңдерінен  жыр эстафетасын бастап берді.

— Білім ошақтарыңызға қатысты  тағы да қандай    жаңалықтар бар,  бөліссеңіз?

  Иә,  бұл ғимарат  1973 жылдары салынған.  Біраз жыл пединститут  ғимараты болған.  Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңында   мектебімізге  күрделі  жөндеу жұмысы жүргізіледі.  Қала әкімінің қолдауымен  қолға алынған  жұмыстың тиісті  құжаттары дайындалу үстінде. Ұжым болып  бұл хабарға қуанып жатырмыз. Сондай-ақ,  ақын атындағы мектеп болғандықтан, бюст бейнесі де  осы жерге орнатылады деген  жақсы жаңалық бар.  Ұлы ақынның ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола берсін. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды.

— Салиқалы пікір, тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK