Халқы­мыздың ұлы перзенті, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық  мерейтойын лайықты атап өту мақсатындағы жұмыс Талдықорған қаласында да  басталды. Талдықорған қаласы әкімінің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бизнес, құқық және жаңа технологиялар колледжінің ұйымдастыруымен   ақын  тойының құрметіне көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара  Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы рухани бағыттарын жүзеге асыру мақсатын көздеді. Байқауға қала колледждерінен 22 үміткер  қатысты. Талаптарға сәйкес  бірінші кезеңде  қатысушылар Абайдың білім, өнер, табиғат тақырыбында поэзиялық шығармаларын  немесе қара сөзін оқыды. Екінші  кезеңде М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен оқулары тиіс болатын. Абай  шығармашылығы әр жүрекке жылы тиеді. Сондықтан болар,  поэмаларынан үзінді оқып, домбырамен әсем әнін орындаушылар да болды.

«Өнерге әркімнің — ақ  бар таласы» дегендей, байқау қорытындысында бірінші орынға Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің білімгері Айбота Серікхан лайық деп танылды. Одан әрі жүлделі орындарды Жеңіснұр Десберген, Ақбота Жақсымбет иеленді. Байқаудың ынталандыру жүлдесі Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжінің студенті Біржан Асанов пен бизнес, құқық және жаңа технологиялар колледжінің білімгері Аружан Жақсыбековаға берілді.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.   Сондай-ақ,  қатысушылардың жетекшілеріне де қала әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK