Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов 2019 жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшыларды марапаттады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталмыш жиынға қала спортшылары, спорт мекемелерінің қызметкерлері, спорт федерация өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған шаһар басшысы спортқа ден қойған талдықорғандықтардың саны жылдан жылға артып келе жатқандығын айтып, жергілікті саңлақтардың жетістігіне тоқталды.

«Талдықорған қаласының атын шығарып, еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген спортшыларымызға зор табыс тілеймін. Әрдайым биіктен көріне беріңдер», —  деді Ғ.Әбдірайымов.

Атап айтсақ, өткен жылы облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда қала спортшылары 277 алтын, 410 күміс және 450 қола медальдарға ие болып, 2 Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 41 спорт шебері, 149 спорт шеберіне үміткер және 173 бірінші дәрежелі спортшы дайындалған.

Сондай-ақ, 2019 жылы Әлем және Азия чемпионаттарында джиу-джитсудан Елдос Қабденов, ауыр атлетикадан Ақмолда Сайрамкез, велоспорттан Өркен Сламжанов, Евгений Федеров, грек-рим күресінен Нұрбек Қызыров және каратэ шикиокушинкайдан Мерей Сүйінов пен Еркебұлан Бейсенбаев жүлделі орындарды иеленген.

Бұдан бөлек, садақ атудан Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин, Денис Ганькин және жеңіл атлетикадан Айман Ратова мен Асхат Ділмұхамедов сынды спортшылар 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алған.

Кездесу барысында Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев та сөз алып, қала спортшыларының өткен жылғы жетістіктерін атап өтті, Токио Олимпиадасына жолдама иеленген қала спортшыларына сәттілік тілеп, алғыстарын білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK