Каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов Талдықорғандағы Мұхтар Арын атындағы №24 лицейдің оқушыларымен кездесу өткізді. Басқосу барысында спортшы білімгерлерге ағалық ақылын айтып, салауатты өмір салтын бекем ұстануға шақырды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Чемпионмен кездесу барысында жас жеткіншектер кәсіби спортшының айтқан әсерлі әңгімесін ұйып тыңдап, оның карьерасына қызығушылық танытты.

Мерей Сүйінов – 1987 жылы 17 ақпанда Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бала кезінен шығыс жекпе-жегіне әуестенген. Айтуынша, оның каратэмен шұғылданғанына 28 жылдай уақыт болыпты. Жетістіктері де айтарлықтай. 2015 жылы Францияда – еуропа чемпионы, 2017 жылы Ресейде – әлем чемпионы атанды. Ал, 2018 жылы еліміздің астанасында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдеге ие болған. Бүгінде Талдықорғандағы каратэ орталығында (директоры) жетекші қызметін атқарып, жас жеткіншектерге шығыс жекпе-жегінің қыр сырын үйретіп жүр.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

«Бастапқыда дәл осындай жетістіктерді бағындырамын деп ойламадым. Әкем спортшы болғандықтан мен де қалыспай, өзімнің денсаулығым үшін спорпен шұғылдандым. Алғашында күреспен, таэквондомен айналысқан кездерім болды. Кейін каратэге қызығушылығым ауды. Бірақ, шығыс жекпе-жегімен бірге өзге де спорт түрлерін қатар алып жүрдім. Бір күні әкем маған осылардың ішінен біреуін таңдауға кеңес берді. Ойлана келе, көңілім каратэге ауды. Содан бері осы спортпен кәсіби түрде шұғылданып келемін», — дейді М.Сүйінов.

Сонымен қатар, Мерей Иембергенұлы оқушыларға темекі, насыбай, ішімдік сынды зиянды заттарға жоламауға кеңес берді. Ал, теріс жолға түсіп кеткен қасындағы достарын байқаған жағдайда, ол жерден арашалап қалуға шақырды. Егер бұл әрекетінен нәтиже шығара алмаса, ол адаммен байланысты біржола үзу керектігін айтты.

«Өмірімде темекіні бір-ақ рет аузыма салып көрдім. Мен ол кезде 7 жаста едім. Өзімнен үш-төрт жас үлкен балалар шылым ұсынып, дәмін көруді сұрады. Маған ол бірден ұнамады. Содан бастап, әлі күнге дейін бұл бәлеге жолаған емеспін. Сендерге де осыған кеңес беремін», — деді спортшы.

Бұдан бөлек, Мерей оқушыларға дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысу – адам денсаулығына оң әсер беретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанып жүрудің де жолдарын айтып берді.

«Қазір балалардың көбісі жеңіл, әрі тез дайындалатын фасфудтық тағамдарға әуес. Онымен қоса чипсы, кола сынды заттарды жиі қолданады. Әрине, мен бұлардан түбегейлі бас тартыңдар дей алмаймын, бірақ, әр нәрсе өз орнымен болуы керек қой. Егер шамадан тыс тұтынсақ, олар денсаулыққа кері әсерін береді. Оның орнына құнарлы, дәруменге бай тағамдарды жеген абзалырақ», — деді ол.

Кездесу соңында оқушылар спортшыға түрлі сауалдарын жолдап, еркін форматта әңгіме өрбітті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK