Бір өзі ғана бір қаланың, тіпті тұтас мемлекеттің символына айналған ғимараттар көп. Мәселен, Нью-Йорк десе биік ғимараттармен бірге «Бостандық алауы» монументі көз алдыңызға келеді. Париж – Эйфель мұнарасы, Лондон – Биг Бэн, Дубай – Бурдж-Халифа немесе Бурдж әл-Араб, Нұр-Сұлтан – Бәйтерек, Алматы – Көктөбе немесе «Қазақстан» қонақ үйі.

Ал осы алып шаһар Алматының іргесіндегі Талдықорғанды айтқанда көз алдыңызға не келеді? Шаһар шағын болғанмен, мұнда қаламыздың символына айналарлық ескерткіштер де, ғимараттар да баршылық. Қалаға кіре берістегі арка, айналманы бізде мейман болған ешкім де ұмытпас. Ал, аркадан кіргенде жолдың оң жағында айналасына сән-салтанат беріп тұрған Салтанат сарайы мен Б.Римова атындағы драма театр ғимараты еріксіз көз тартады. Сәл бұрынырақта салынған «Жастар» спорт сарайы, Қаратал өзені жағасындағы «Достық үйі» мен «Тіл сарайы» сынды архитектуралық бітімі бөлек ғимараттар қаламыздың символы мәртебесін абыроймен алып жүрді. Ендігі кезек жоғарыда аталған жаңа ғимараттарда, әсіресе еңсесі биік, субұрқағы сан құбылып, күні-түні жарқырап тұратын, айналасына мәдениеттің мәйегін шашып тұрған театр ғимаратында десек артық емес.

Ия, қаланың ішінде аяқ алып жүргісіз лайсаң көшелер, беті ашық қалған люктар, қираған аялдамалар, ыңырана ышқынып, түтіні будақтай, бір бүйіріне ауып кетердей қозғалатын қоғамдық көліктер баршылық. Төбесінен әлі күнге су таматын, іргетасы езіле жерге кіріп кеткен апатты, өткен ғасырдың соңындағы жоқшылықты еске салатын қасбеті жаңартылмаған сұп-сұр сұсты үйлер қаншама?! Жасырып қайтеміз? Бірақ, айтпағым бұл емес. Айтпағым, жаңа салынған еңселі үйлердің, әдемі ғимараттардың талдықорғандықтардың санасын сілкінтудегі маңызы жайлы. Өзім осыдан 5-6 жыл бұрын қолданысқа берілген Журналистер үйінде қызмет етемін. Жұмыс бабымен облыс пен қалалық әкімдікті айтпағанда, қаланың келбетіне айналған «Жастар» спорт сарайы, оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, Көрме кешені,  Салтанат сарайы, жаңа тетарда аргідік болып тұрамын. Жаңа ғимаратта жүргенде қыста қар басып, жазда шаңы шығып, ал көктем-күзде балшықтан арылмайтын көшемнің жайын ұмытып кетемін. Жаңа нысандардағы алқалы жиын кезінде «Біраз бақсақ, біздің көшеде де той болар» деп дәмеленіп қаламын).

Шын мәнінде театр бізді тәрбиелеп жатыр. Қойылым тамашалуға барғанда өзіңді құдды бір алматылық не астаналық сезінесің. Мәдениетіңе маңыз беріп, өзіңе сын көзбен қарай түсесің. Қойылым кезінде әлдебіреудің қалтафоны шыр етсе де мәдениеттілікті сақтап, алара қарағаннан аса алмайсың. Бұрынырақта қойылым барысында 5-6 телефон соғылса, бүгінде спектакль бойы ары кеткенде екі-ақ қоңару түседі. Бұл да біздің мәдениетіміздің артып келе жатқанын көрсетпей ме? Бірте-бірте театрымызда телефон тыңдамай тек спектакль тамашалар күнге де жетерміз деп үміттенемін.

Театрымыздың әртістері көрермендеріне айына орта есеппен 6-7 қойылым ұсынады. Комедиядан жадырап, трагедиядан мұңайып, драмадан ойланып шығып жатқан бауырларымды көргенде шын қуанамын. Айналасына сыр бермейтін, тоңтеріс, беті бүлк етпейтіндердің қасында алған әсерімен бөлісіп, жадырай күлісіп, күңірене күрсініп бара жатқандардан адамилықтың аурасы сезіледі. Алғашқыдай емес, олардың да қатары едәуір көбейген сияқты.

Бір қызығы, біздің театрда кәдімгі спектакльдармен қатар, әкім-қаралардың есебі, алқа-қотан жиналыстар сынды ерекше «спектакльдер» де қойылып тұрады. Сыртына сыр бермейтін көрермендер сол спектакльдерде көп. Қашанғы жалғасар дерсің?! Бұл да тоқтайтын шығар деп үміттенем. Ол үшін үлкен шаһарлардағыдай, театр сахнасына күн құрғатпай қойылым қою керек шығар. Сонда жиналыс өткізуге бос уақыт таппай қалар? Әй, қайдам?)  Және бір қызық, тетардың ішіндегі көпшілікке арналған қымбат жиһаздардың үнемі жабуланып, аппақ бұлға оранып тұратыны. Шаң қонбасын, кір болмасын деген қамқорлық болар. Бірақ дөкейлер жиналысы кезінде сол жабулар жоғалып кетеді. Мүмкін ол «спектакльдердің» «әртістері» мен «көрермендерінің» киімдері таза, біздікі лас, кір-қожалақ шығар деп амалсыз бүгежектейсің де қоясың…

Қалай болғанда да, театр талдықорғандықтарды тәрбиелеп жатыр. Бұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, осындай әсем де, сәулетті ғимаратты салдыруға бар күш-жігерін арнаған ел ағаларына, жұмыстарын барынша сапалы жүргізген құрылысшыларға халық атынан алғыс айтқым келеді. Еңбектеріңіз еселеніп, алғысқа бөлене беріңіздер!

Анықтама үшін: Талдықорғанда осыған дейін театр болмаған деп ойлап қалмаңыздар. Бізде ол бұрыннан бар. Абылай хан көшесіндегі театрдың ескі ғимаратында да талай қойылымға барғанбыз. Ал, жаңа ғимарат 2016 жылы бастап салынып, 2018 жылдың күзінде қолданысқа берілді. Оның құрылысымен Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы көшбасшы құрылыс холдингі — BI Group компаниясы айналысқан. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жаңа ғимаратты тұрғызуға 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы 10 500 шаршы метрден асады. Қойылымды 510 көрермен тамашалай алады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK