Ақпан айының 15-і Кеңес әскерінің  Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Осыған орай, бүгін Талдықорғанда ауқымды іс-шара өтті. Бір минуттық үнсіздікпен басталған басқосуға аймақтағы Ауған соғысы ардагерлері, жергілікті билік өкілдері және жастар қатысты. Жиналған жұрт алдымен шаһардың орталық саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болған боздақтардың рухына тағзым етті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Осыдан кейін еске алу шарасы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Ол жерде қалалық мәслихат хатшысы Темірболат Жанболатұлы жиналған қауым алдында сөз алып, Ауған соғысы ардагерлерін айтулы мерекелерімен құттықтады.

– Он жылға созылған Ауғанстан жеріндегі соғыста отандастарымыз азаматтық борышын абыроймен атқарып елге оралды. Әр соғыстың тарихы бөлек болғанымен табиғаты бір. Жалпы, шайқас алаңына қазақ даласыннан 22 мыңнан астам жауынгер аттанса, оның 3701-і Жетісу жерінен. Олардың 173-і сол жерде қаза тауып, 2-і хабар-ошарсыз кеткен. Біразы ауыр жарақат алып, өмірлік мүгедектік күйге түскен. Қазір Алматы облысында 2 мыңға жуық Ауған соғысы ардагері бар. Соның 325-і облыс орталығы Талдықорғанда тұрады. Бүгінде олар қоғамның әр саласында еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Біз бейбітшілік жолында күресіп, ерен ерлік көрсеткен батырларымызды мақтан етеміз. Олардың атқарған әрбір ісі ұрпаққа үлгі, -деді Т.Ақажанов.

Сондай-ақ, мәслихат хатшысы өз сөзінде Ауған соғысының ардегерлеріне әлеуметтік көмек тұрақты түрде көрсетіліп келе жатқандығын атап өтті.

Салтанатты шарада Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылған күніне орай бірнеше азаматқа қала әкімінің Алғыс хаты және қаза болған ардагерлердің жұбайларына арнайы медаль табысталды.

Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына  ұласты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK