Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіппен тағайындалуда.  Бұл бағытта   қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы турасында  Талдықорған қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту  орталығы  мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлмира Есжановадан сұраған едік.

-Жалпы алғанда, Талдықорған қаласы бойынша  атаулы әлеуметтік көмекті алуға жыл басынан бері   1579 отбасы,  немесе 7024  адам  құжаттарын ұсынды.   Оның ішінде   1-3 жастағы – 958,  3-6 жастағы  699 бала бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің арнайы  бұйрығына сәйкес, 2020 жылдан бастап АӘК алушылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына бірыңғай әлеуметтік пакет қарастырылып отыр.

Сонымен қатар,  тиісті оқу жылы кезеңінде – орта білім беру ұйымдарында  оқитын табысы аз  отбасылардың  6-18 жас аралығындағы  балалары жылына  бір рет  мектеп формасы немесе спорттық  киім жиынтығы, оқу  құралдары, ыстық тамақ,  тегін жол жүру билеттерімен қамтылмақ.

АӘК табысы аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көп балалы отбасыларға төленетін болады. Атаулы әлеуметтік көмек – бұл жәрдемақы емес, табысы аз отбасылардың қаржылық жағдайын жақсартуға және дағдарысты еңсеру үшін олардың ресурстарын ынталандыруға бағытталған қиын жағдайға тап болғандарға  мемлекет тарапынан қолдау көрсету,- дейді  орталық басшысы.

 Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ҚР Еңбекмин.) мемлекет басшысының  жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес АӘК ұсынудың жаңа тетіктерін әзірледі. Бұл жерде  жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік күнкөріс деңгейінің 70% аз отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгіне алады.  Бастысы,  жанұядағы  еңбекке қабілетті мүшелердің  жұмыс істеуі талап етіледі.

Суретті түсірген А.Нұршанов

  Сонда,  АӘК отбасының барлық мүшелері үшін жан басына шаққандағы табыстар мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық ретінде анықталады.

 Азаматтардың жұмысқа орналасуы үшін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың»  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық тетіктері қолданылады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлеу тек оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылады.

Әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін азаматтардың тоқсан сайынғы өтініштері  қайта қаралады. Бұл қосымша құжаттарды жинауды талап етпейді. Мемлекеттік органдардың деректер қорында толық мәліметтер болған жағдайда тек жеке куәлігі ғана қажет.

 Отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімі 3- 7 күнге дейін.

Қазіргі уақытта ҚР Еңбек министрлігі  мұқтаждықты анықтау критерийлерін әзірлеуде. Отбасы белгіленген критерийлерге сәйкес келмеген жағдайда учаскелік комиссия АӘК көрсетуге мұқтаждықтың жоқтығы туралы қорытынды шығарады. Бұл уәкілетті орган тарапынан оны тағайындаудан бас тартуға  негіз болады.
Мысал ретінде , сегіз адам, яғни, ата-ана мен  кәмелеттік жасқа толмаған  алты баладан тұратын отбасын алайық. Ай сайынғы табысы:

Әкесінің жалақысы – 150 000 теңгені құрайды;

 Көп балалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 теңге;

«Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 теңге. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақысы алынып тасталады.

Отбасының ай сайынғы табысы – 160 504 теңге.

 Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы келесідей есептеледі: 160 504 теңге 8 адамға бөлінеді = 20 063 тг. Тиісінше, отбасы АӘК көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.

2020 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде, аз күнкөріс деңгейінің 70 пайызы (21 505 теңге ) тағайындаудың шекті өлшемі белгіленді. 21 505-20 063=1442 тенге * 8 адам = 11 536 теңгеге тағайындалады.

АӘК алуға 21505 теңгеден  төмен жан басына шаққандағы табысы бар отбасылар құқылы. Мәселен, АӘК сомасы мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде  тағайындалады.  Бала күтімінде отырған аналар  баласы 3 жасқа толғаннан кейін нәтижелі жұмыспен қамтудың шараларына қатысуға құқылы.  Азаматтар тұрғылықты жері бойынша қалада жұмыспен қамту орталығына және де  Еркін мен Өтенай ауылдық округтердің әкімдіктеріне жолыға алады.  Жәрдемақыны  толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру міндетті емес. Себебі, өтініш  берген күнге байланысты емес, сол  айдың басынан тағайындалады.

Көп балалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін  қайта даярлау курстарында оқып, мамандық игеруге, алдағы уақытта жеке кәсіп алу мүмкіндіктері қарастырылып отыр.

 «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек мұратқа жеткізер», «Жалқаулық  — аздырады, еңбек — оздырады»- деген мақалдар да еңбектенудің адамдарға қажетті нағыз байлық екендігін көрсетеді. Ал іс-әрекетсіз бос жүру, масылдық,  еріншектік, жалқаулық – жаман әдет  екендігіне  хакім Абай да тоқталды.

«Өсек, өтірік, мақтаншақ,

 

Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз,.. – »-дейді.
     Қысқасы қоғамдағы байлықтың бәрі еңбектен тұрады.

 

 

                                                                                                              

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK