Талдықорғанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 31 жыл толуына орай және Ауған соғысының батыры «Қара майор» атымен танылған Борис Керімбаевты еске алуға арналған волейболдан қалалық турнирі өз мәресіне жетті. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан додаға биыл 22 команда қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Мұндағы негізгі мақсат – Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, рухына тағзым қылу. Сондай-ақ, майдан кезінде «Қара майор» атымен танылған баталонь командирі Борис Төкенұлының көрсеткен ерліктерін бүгінгі жас ұрпаққа үлгі ету және бұқаралық спортты дамыту.

Үш күнге созылған жарыста мектеп мұғалімдері өзара үздіктерін анықтады. Сайыс қорытындысы бойынша №25 орта мектептің ұстаздары қарсылас командаларды қапыда қалдырып, турнир жеңімпазы атанды. Ал, №15 орта мектеп екінші орынға жайғасса, үздік үштікті №19 мектептің ұстаздары ұтып алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алматы облыстық Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Бауыржан Барлыбаев:

Ауған соғысының ардагерлері «Қара майорды» пір тұтады. Ол кісінің майданда жасаған ерлігі ауыз толтырып айтарлықтай. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз, мәңгі есімізде қалады. Келешекте Талдықорған қаласына Борис Керімбаевтың ескерткішін орнату жоспарымызда бар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK