дереккөз

 «Jetisy media» ақпараттық алаңында «Nur Otan» партиясының 2020 жылға арналған жоспары» атты баспасөз-мәслихаты өтті.

Партияның  Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Жанболат Жөргенбаев алдағы жұмыс жоспарларын баяндады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен  өткен    Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы жарияланған болатын. Онда партияның белсенді мүшелерін топтастыру,  жемқорлықпен күресті күшейту, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті күшейту  тапсырылды. Облыста 333 бастауыш ұйымда 104 мыңнан астам партия мүшесі бар. Қоғамдық-саяси жұмыстар  жоспарға сай  жүргізіледі. Жалпыұттық диалогты қамтамасыз етуге  қатысты өткен жылы 2585 шара өткізілді. Қазіргі таңда нақты әлеуметтік топтарға бағытталған 6 партиялық жоба жүзеге асырылуда. 5 жылға арналған сайлауалды және өңірлерді дамыту бағдарламасы әзірленуде. Онда барлық елді мекендер, шалғайдағы ауылдардың өзекті мәселелерін шешу жолдары да назардан тыс қалмайды»,- деді партияның  облыстық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Саяси партияның рөлі — халықпен бірге болу, сенімге ие болу. Сол себепті, партия  бағдарламаларының орындалуын бақылау мақсатында Алматы облыстық филиалы жанынан партия ардагерлерінің қауымдастығы құрылмақ.

«Nur Otan» партиясы өңірдегі мәдениет саласының дамуына да атсалысуда.  « Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  облысымызда алғаш рет «Ортақ Абай» атты өзге ұлт өкілдерінің  жастары арасында байқау өткізілді. Аудан мен қалалардан келген жас өрендер Абай өлеңдері мен қарасөздерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін ортаға салды.  Жеңімпаздар анықталды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай,  ақын-жыршылардың өлеңдер топтамасын  шығару жобасы қолға алынып, іріктелген туындылар біріктіріледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK