Бүгін Талдықорғанда Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты еске алу эстафетасы болды. Алматы қаласынан бастау алған патриоттық шара Ішкі істер министрлігінің шешімімен Ұлттық ұланда 5-ші мамырға дейін жалғаспақ, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталмыш жиынға Ұлы Отан соғысының, Ішкі істер министрлігінің және Тәжік-ауған соғысының ардагерлері, жергілікті қала басшылығы мен мектеп оқушылары қатысты.

Шара барысында алдымен Ұлттық ұлан әскерінің сарбаздары мен жиналған қауым «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, майданда опат болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Осыдан кейін қалалық мәслихаттың хатшысы Темірболат Ақажан мен 5514 әскери бөлім командирі, подполковник Бақытжан Сейітжанұлы сөз алып, аталмыш шараның маңызына тоқталды.

– «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасын 5-ші ақпан мен 5-ші мамыр аралығында өткізу жоспарланған. Бұл эстафета 2018 жылғы 28 қыркүйекте Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары аясында өткізілмек, — дейді Б.Баламбаев.

Эстафетаның мақсаты – Ұлы Отан соғысында Отанын жанқиярлықпен қорғаған қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсету, есімдерін ел есінде сақтау, майдан даласында елі үшін қаза болған әр солдаттың ерлігіне бас ию; жастардың, ішкі істер органдары қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілердің бойына отансүйгіштік құндылықтарды және Қазақстан халқының батырлық тарихына құрметпен қарау, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, өз әскери борыштарын үлгілі атқаруға ықпал ету.

Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар Режицский, Қызыл ту Ленин орденді, Суворов орденді дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынып отыр.

Аталмыш шараға Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, құқықтық тәртіп әскерінің әскери бөлімдері орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Эстафета аясында даңқты панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік Туының көшірмесі республикалық маңызға ие 3 қаладан, облыстық деңгейдегі 14 қаладан және шағын 7 қаладан өтетін болады.

Еске алу эстафетасы қозғалысының кестесі бойынша Эстафета жолын жалғау үшін Ұлттық ұланның 37 әскери бөлімінен Ту ұстаушылар тобы жасақталған. Эстафетаның Қазақстан аумағын теміржол және автокөлікпен шарлаудағы жалпы жолы 11 мың шақырымды құрайды.

Эстафета барысында соғыс және еңбек ардагерлерімен 68 кездесу өткізу жоспарланған. Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрі барлық пункттер мен жекеленген бөліністерді қоса есептегенде 56 концерт қояды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK