Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік атанды. Аталмыш ұйым бес критериден тұратын байқауда көш бастап, алдыңғы қатардан көрінген. Бұл туралы бүгін «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мектеп директоры Нүркен Нұратов мәлімдеді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Қазір елімізде 1 мыңға жуық спорт мекемесі бар. Солардың арасынан жыл үздігі атану – біз үшін үлкен мәртебе. Қаңтар айының соңында Мәдениет және спорт министрінің төрағалығымен жиналыс өткен болатын. Сол жерде біз «Үздік спорт ұйымы» болып танылдық. Осы уақытқа дейін Алматы облысында мұндай марапат болмаған. Мұның барлығы бірігіп атқарған жұмысымыздың нәтижесі», — дейді облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Нүркен Қанатұлының айтуынша, комиссия мүшелері спорт мекемелерінің Олимпиадаға алған жолдамасын (спортшылардың саны), Европа, Азия, Әлем чемпионаттарындағы жетістіктерін (медальдар саны), спортшылардың ұлттық құрамаға кіруін, спортшылар мен бапкерлерге санаттар беруін және әлеуметтік желіні жүргізудегі белсенділігін ескеріп, байқау жеңімпазын анықтаған.

«2019 оқу жылында бірқатар спорттық дәрежелерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, 1 спортшымыз «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері», 4 спортшымыз «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 18 спортшымыз «ҚР спорт шебері» спорттық атағын алды. XXXII Олимпиада ойындарына 5 жолдаманы жеңіп алдық. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының құрама командасына 156 спортшы кіреді. Оның ішінде негізгі құрамда 120 спортшы, жастар мен жасөспірімдер құрамында 36 спортшы бар», — дейді Н.Нұратов.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жалпы саны 67 жаттықтырушы 56 топпен, контингенті 378 спортшымен жұмыс атқарды. Мектепте спорттың 19 түрі, соның ішінде 13 олимпиадалық, 4 олимпиадалық емес және 2 ұлттық спорт түрі бар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK